Келесі жылдан бастап Қазақстанның Солтүстік өңірлеріне көшуге ниетті отандастарымызға арналған жаңа жоба іске қосылады.
Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Qazaqstan» ұлттық телеарнасына берген сұхбат барысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өңірлерді дамытуға арналған ұлттық жоба аясында еліміздің Солтүстік өңірлерінде тұруға ниетті тұрғындарды көшіру жұмысы жалғасып жатыр. Жалпы тұрғындарды Солтүстік аймақтарға көшіру мәселесі ондағы жұмыс күшінің тапшылығымен де байланысты. Біздің ендігі мақсат – азаматтарды көшіріп қана қоймай, оларға жұмыс тауып беру. Мен жуырда СҚО-да болып, облыс әкімі және бизнес өкілдерінің қатысуымен семинар өткіздік. Сонда бизнес өкілдері бізге жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жасаңыздар деген өтініш білдірді. Осы орайда СҚО әкімшілігі арнайы бағдарламаны іске қоспақ болып отыр. Сол арқылы бизнес өкілдері мен кәсіпкерлердің жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берілмек», – деді Тамара Дүйсенова тікелей эфир барысында.
Министр келтірген мәліметке сәйкес, аталған аймақта бизнесті дамытуға республикалық және жергілікті бюджеттен 20 млрд теңге қарастырылып отыр.
«Сонымен қатар азаматтарды баспанамен қамту да маңызды. Келесі жылға біз жаңа жоба қарастырып жатырмыз. Тұрғын үй бағасының 50 пайызын қаржылай сертификат ретінде беру. Ол қаржыға тұрғын үйді салып алады ма немесе «Отбасы банкіне» апарып алғашқы жарна ретінде қолдана ма оны әр адам өзі біледі. Солтүстік өңірлерде осыған дейін пайдалануға берілген тұрғын үйлердің сапасына қатысты сын бар. Сондықтан да 50 пайыздық сертификатты әр азаматтың өзіне беру қарастырылып отыр», – дейді ол.
Ведомство басшысының айтуынша, тұрғын үй алуға берілетін қаржының мақсатты жұмсалуын бақылау үшін азаматпен келісімшарт жасалатынын айтты.
Егер азамат баспана алуға берілген ақшаны мақсатсыз жұмсаса, онда қаржыны түгелдей мемлекетке қайтаруға міндетті.
Сондай-ақ, эфир барысында еңбек министрі Тамара Дүйсенова әйелдердің 58 жастан зейнетке шығуына қатысты пікір білдірді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!