Бұл өмірде аз күн қонақ болармыз,
Мүмкін елу, мүмкін жүз жыл салармыз.
Ана тілін ардақ тұтып, қастерлеп,
Құрметтейік келгенінше шамамыз!

Мемлекеттік тіл Тәуелсіз елдің негізгі рәміздерінің бірі. Кез келген өркениетті елдің өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де болады. Біздің Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі» деп жазылған. Ал орыс тілін — ресми тіл және мемлекеттік тілмен бірдей қолданылады деп айтылған. Біз Конституция талаптарын мүлтіксіз орындауға міндеттіміз.

Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны.  Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Отбасы өзіміз де, Отанымыз – Қазақстан! Тіл меңгеруде ата-ананың рөлі ерекше екенін, әр отбасы уыз шағынан балаға қазақ тілін үйретуді қолға алса, бұл тілдің еш қиындығы жоқ. Бірақ қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Елбасымыз айтқандай, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде».  Ендеше, тілімізді, ұлтымызды отбасымызды қадірлегендей қадірлейік!

«Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген сөз бар. Тәуелсіздіктің негізгі  тірегі – ұлттың тілі, діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған  сыйы да  — тіл. Ол- қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай.  Тіл – ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры – баршамыздың қолымызда.

Тілді оқып-үйренуді барынша жоғары деңгейге көтеру қажет. Қазіргі таңда көптеген отбасылар балаларын қазақ тілінде оқытатын мектептерге ана тілін жетік меңгеру үшін беріп, оқытып жатқандары қуантарлық жағдай. Әрбір отбасында, осындай тілге деген жанашырлық болса, «тамшыдан тама-тама дария болар» дегендей, тіліміздің жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге көтерілер деген сенімдемін.

Тіл мәртебесі – ел мерейі. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.

Пазылова Жанар Жамалдинқызы 

Қызылорда облысы мамандандырылған

ауданаралық экономикалық соты

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!