Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, салауатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизміне қол жеткізуді негіздейді. Реализм мен прагматизм онжылдықтардың ұраны болуы шарт деген. Батыста, ірі державаларда болып жатқан сайлау науқандары тіпті дамыған елдерде де жұртшылықтың бос демагогия мен популизмге қарсы иммунитетінің жоқтығын, өтірік – қаңбақ, шын – салмақ екенін түсіне бермейтінін паш етті. Әлемде шын жүйріктердің емес, «тіл жүйріктердің» заманы туған ба дерсіз. Бұл халықаралық қоғамдастық кезігіп отырған кезекті «сын-қатер» болса керек.

Мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізу Қазақстанның сан ғасырлық тарихының дәуірлік оқиғасы болды. Осы құндылық негізінде ұлттық бірегейлікті сақтауды алға кою мемлекет үшін маңызды. Елбасы біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуді басты назарға ұстай отырып, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту көзделуде. Қазақ елі қазір өркениетті елдермен иық теңестіруге, дамудың жаңа сатысына көтерілуге талпынуда. Дегенмен, жаһандық өзгерістерге сай болу үшін алдымен ұлттық ерекшелігімізді сақтай білуіміз керек. Шын мәнінде, көз ілеспес шапшаңдықпен дамып, рухани жағынан серпілуіміз, жаңғыруымыз қажет. Бұл арада рухани жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды сақтау екенін әрдайым есте ұстап, әлемдік өзгерістерге сай жаңаша ойлау жүйесін қалыптастырғанымыз абзал. Ұлттық кодты сақтау дегеніміз – ұлттық болмысымызды нығайтып, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету деген сөз.

 Ұлттық болмыстың өзі біздің ежелден келе жатқан қазақи салт-дәстүрлерімізден, мәдениетімізден, барлық рухани құндылықтарымыздан бастау алады десек, мына өзгермелі дүниеде сол құндылықтарымызды заманға сай одан әрі байытып, дамытып, оны бүгінгі ұрпақтың санасы мен тұрмысына сіңіру арқылы жаңа ғасырдың жаңа ұрпағын қалыптастыру деген сөз. Қазақ халқының дәстүрлі мадениетін сақтай отырып, келешек дамуға қол жеткізу назарда болуы керек.

ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз деген ұсынысты да білдірді. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихынан сыр шертетіндігін айтты. Жобада адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы, бүгінгі заманауи Қазақстанның келбетінің көрініс табуы негізделген. Тәуелсіздіктің нығаюы, дамыған елге айналуымыз үшін қазақстандықтар алға батыл қадам басып, жоғары технологиялар[1]ды меңгеруі, озық стратегиялармен жарақтануы, халықаралық коммерциялық һәм концептуалды жобаларды ілгерілетуі маңызды. Бұл – Қазақстан көшбасшысы айтқан «бәсекеге қабілеттіліктің» бір шарты.

Ұлжалғас ТАЛПАҚОВА,
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің оқытушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!