Жыл сайын мыңдаған мектеп бітіруші түлек үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) – маңызды кезеңнің бірі. Бірнеше ай, тіпті бірнеше жыл дайындалған оқушылар үшін тест нәтижесі болашақ мамандығы мен жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігін анықтайды. Алайда мамандар кейінгі жылдары ҰБТ-дан кейінгі психологиялық күйзеліс мәселесі жиілеп бара жатқанын айтып, дабыл қағуда.
Көпшілік ҰБТ тапсырған соң барлық уайым артта қалады деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде көптеген түлек дәл осы кезеңде эмоционалдық шаршау, күйзеліс және өзіне деген сенімсіздік сезімін бастан кешіреді. Психологтардың айтуынша, ұзақ уақыт бір мақсатқа бағытталған адам сол мақсат орындалғаннан кейін бос қалғандай күй кешуі мүмкін. Егер нәтиже күткен деңгейден төмен болса, өкініш, қорқыныш және өзін кінәлау сезімдері пайда болады.
Медицинада стресс – ағзаның шамадан тыс психологиялық немесе физикалық жүктемеге берген жауабы ретінде қарастырылады. ҰБТ-ға дайындық кезінде оқушылардың ұйқы режимі бұзылып, демалыс уақыты азаяды, жүйке жүйесіне түсетін жүктеме артады.
Дәрігерлердің айтуынша, ұзақ уақытқа созылған стресс мынадай белгілерге әкелуі мүмкін:
- тәбеттің төмендеуі немесе шамадан тыс артуы;
- ұйқысыздық;
- бас ауруы;
- тез ашулану;
- зейіннің төмендеуі;
- үнемі шаршаңқылық сезімі;
- мазасыздық пен үрейдің күшеюі.
Егер бұл белгілер бірнеше апта бойы сақталса, маманның көмегіне жүгінген дұрыс.
Анар БОРАНБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
