kazbilim.kz

Еліміздегі бір жоғары оқу орнының базасында «Цифрлық университет» моделін енгізу бойынша айрықша жоба іске асырылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ғылым және жоғары білім вице-министрі Камиль Ақатов мәлімдеді.

«Саланы цифрландыру аясында министрлік «Цифрлық университет» моделін енгізуді жоспарлап отыр. Цифрлық университет моделін құрудың негізгі мақсаты — цифрлық технологиялар арқылы университеттегі негізгі және басқару процестеріне өзгеріс енгізу. «Цифрлық университет» моделі білім беру процесіне ең заманауи технологияларды енгізуді, онлайн-платформаларды кеңінен пайдалануды, жекелеген білім беру салалары бойынша курстар мен жаңа форматтарды енгізуді көздейді», — деді Камиль Ақатов.

Оның айтуынша, «Цифрлық университет» моделі 4 негізгі бағыттан тұрады. Олар — деректерге негізделген басқару жүйесі, цифрлық білім беру технологиялары, жекелеген білім беру салалары мен цифрлық экономиканың құзыреті.

Вице-министр бұл жобаны іске асыру жоғары білім берудің цифрлық экожүйесін құруда серпіліс беретінін атап өтті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!