Жылдық қорытынды бойынша қаржысы жа­ғынан Tesla және SpaceX негізін қалаушы Илон Масктан асып түсіп, ең бай адам атанған кәсіпкер, Amazon желілік сату компаниясының иесі – Джефф Безос. Bloomberg миллиардерлер жүйесінің мәліметі бойынша өткен жылдың 6 мамырында американдық кәсіпкердің қаржысы 191 миллиард долларға бағаланған. Ал өнер­тапқыш, кәсіпкер Илон Масктың байлығы 184 миллиард долларға жетті.

Дегенмен шоттағы қаржысынан бөлек миллиардер өзге де жетістіктерімен мақтана алады. Себебі ол Amazon интернет алаңын құрушы ғана емес, әйгілі The Washington Post баспасының және Blue Origin деп аталатын алғашқы жеке ғарыш компаниясының иесі.

 Джефф Безос 1964 жылы 12 қаңтарда Американың Альбукерке қаласында, Нью-Мексикода дүниеге келген. Ол кезде баланың анасы небәрі 17 жаста болатын. Джеффтің биологиялық әкесі ұлын тәрбиелеуден бас тартып, дүниеге келген соң, бірден отбасын тастап кетті. Джеффтың оны ешқашан көрмегені белгілі. Алайда төрт жылдан кейін анасы Мигель Безос есімді жас жігітті кездестіреді. Кубадан келген эмигранттың сүйген қызына үйленуі ер азамат ретінде орнығып, абыройлы отағасы болуына септігін тигізді. Мигель банкте жұмыс тауып, кішкентай Джеффке өз ұлындай қарап, тәрбиелеген. Кішкентай кезінен-ақ Джефф ата-анасын тапқырлығымен және ерекше ойларымен таң қалдырған. Мәселен, құрамалы керуетке ұйықтағысы келмеген соң, оны бұрағышпен бөлшектемек болған. Үйінің үлкені болған Джефф бірде інілері бөлмесіне кіргенін білу үшін өзі арнайы дауыстық дабыл орнатқан.

Орта мектепті бітіргеннен кейін Джефф электронды өлшеу құралдары факультетін таңдап, елдегі ең беделді Принстон университетіне оқуға түскен. Сонымен бірге жас жігіт болашақтың жетістігі жаңа технологияда екенін түсініп, бағдарламалау мен компьютерді қолданудың қыр-сырын меңгерді. 1986 жылы Джефф Безос университетті бітіріп, бірден екі сала – электротехника мен информатика бойынша кәсіби маманға айналды. Оқуын бітірген ол бірнеше рет жұмысын ауыстырып, өзі байқамаса да, айналасындағылардан бизнесті басқару бойынша қажетті білім жиып жүреді.

Көп ұзамай өзінің көп нәрсеге дайын екенін сезінген жігіт жарқын болашаққа бағыттайтын жаңа жоспар, мақсатқа ұмтылады. Жұмыс орнын қайта-қайта ауыстыру барысында болашақ кәсіпкер жыл сайын онлайн-ритейлер, яғни интернет арқылы сауда жасайтындар бірнеше есе артып келе жатқанына назар аударды. Мұндай ақпарат Безосқа тікелей интернет-сату саласына көшуге мүмкіндік берді. Оның қарапайым зерттеуі адамдардың көбіне компакт-дискі, кітап, киім сияқты қажетті 20 тауарды интернеттен сатып алатынын көрсеткен еді. Алғашқы таңдау кітаптарға түсті. Безос компаниясының «Amazon» (Амазонка өзеніне байланысты қойылған) атауын алған бірінші кеңсесі гаражда орналасқан. Онда Джефф бірнеше компьютер орнатып, 1995 жылы жоспарға сай өз ісін бастайды. Арада бірнеше жыл өтті. Жобаның сәтті болғаны соншалық, 1999 жылы Amazon 6 миллиард долларға бағаланды. Джефф Безос жобаның дамуына жаңа инвесторларды тартып, ауқымын кеңейте түсті. Бір жылдан кейін корпорацияда бірінші дағдарыс орын алады. Бизнес әлемінде компанияны жақын арада құлдырайды деген қауесет тараған еді, өйткені нарықтық бағадан төмен тауарларды сату үнемі кіріс әкелмейді. Алайда 2001 жылдың өзінде-ақ нарық сарапшылары қателескенін түсінді, компания өз базасын сақтап қана қоймай, ассортиментті толықтырудың арқасында айтарлықтай кеңейді. Енді Amazon веб-сайтында кез келген затты сатып алуға болады. Осылайша интернет ақыры қарапайым ақпарат көзінен толыққанды сауда алаңына айналды.

2009-2010 жылдары Безос онкологиялық ауруларды қарастыратын ғылыми зерттеу орталығына қаржы құйды. Кейіннен кәсіпкерлік меценаттықпен жалғасын тауып, ғылымның дамуына қосылған идеяларды қолдау үшін «Безос»  қоры құрылды.

Жинақтаған:

Дина БӨКЕБАЙ