Әлеуметтік желіде бала күтіміне байланысты демалыста отырған келіншектердің 42 500 теңгеге қатысты арыз-шағымы туралы ақпарат тарады.

Олар төтенше жағдай кезінде 42 500 теңгені алған.

«Енді бір жасқа дейін бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы төленбей жатыр», – дейді әйелдер. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді.

Былтыр Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының есебінен төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған адамдарға 42 500 теңгеден төленді. Сондай-ақ, заң бойынша қордан еңбекке жарамсыз, асыраушысынан айырылған, жұмыссыз қалған, жүктілік пен босану, жаңа туған баланы асырап алған және бір жасқа дейін бала күтіміне байланысты демалыста отырғандарға да әлеуметтік төлемдер беріледі.

Қордың әлеуметпен байланыс департаментінің директоры Гүлбағила Болатбекованың айтуынша, әлеуметтік төлемді тағайындау кезінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры тексеріс жүргізуге құқылы. Себебі, төтенше жағдай кезінде кейбір адамдар жұмыс істеп, жалақы алса да, өз бетінше 42 500 теңгеге өтініш жіберген, – деп жазады sputnik.kz.

«Әйелдің жалақы алғаны, сондай-ақ, бір мезгілде төтенше жағдай және (немесе) карантин кезеңіне төлем алғаны анықталған жағдайда алынған 42 500 теңге көлеміндегі төлемді ерікті түрде қайтаруы қажет», – дейді Гүлбағила Болатбекова.

Осы орайда, департамент басшысы төтенше жағдай мен карантин кезінде кірісінен айырылғаны туралы жалған мәлімет бергені үшін өтініш берушінің өзі жауапты екенін ескертті.

«Ал, шынымен де, еңбекақысы сақталмайтын демалыста болған және көрсетілген кезеңде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алған өтініш берушілер басқа төлемдерге өтініш жібергенде 42 500 теңгені қайтармайтынын атап өткен жөн», – дейді Болатбекова.

Маман бір жасқа дейін бала күтіміне төленетін жәрдемақы қалай есептелетінін де түсіндірді. Оның сөзіне қарағанда, төтенше жағдай болған айлар есептен алынып тасталады. Себебі ол кезде адамның кірісі болмаған. Соның орнына алдындағы айлардың табысы есептеледі. Осылайша, әйелдің орташа табысы анықталады да, әлеуметтік төлем тағайындалады. Оған 12 айдың ішінде өтініш беруге болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!