Әдетте отбасындағы  ұсақ түсініспеушіліктің өзі адамның ішкі гармониясына едәуір әсер етеді. Сырттай болмашы санаған дүниенің өзі кейде жүйкеге салмақ салатыны жасырын емес. Бұл тек үлкендерге ғана қатысты емес, әсіресе балаларды түсінбеу отбасындағы жиі кездесетін мәселенің бірі. Сондықтан бүгін біз мереке алдында  отбасындағы көңіл-күйді көтерудің тиімді тәсілдері туралы ой бөліс­пек­піз:

Біріншіден, отбасы мүшелерімен жиі сырласу түсініспеушіліктің алдын алады. Сондықтан мейлінше бос уақытты отбасы мүшелеріне арнаған дұрыс. Бұл тек бір адамды тыңдау деген сөз емес. Жақыныңызды барынша қолдау үшін бірге ұнайтын дүниелерге мән берген жөн. Мысалы, бірге шай ішу, фильм немесе мультфильм қарау, шахмат ойнау, таза ауада серуендеу әке мен ананың, ата-ана мен баланың бір-бірін жақыннан түсінуіне мүмкіндік береді.

Екіншіден, жиі  сыйлық сыйлау маңызды. Мерекені күту шарт емес. Кез келген сәтте жақындарыңызды қуантуға болады. Ол үшін көп қаржы немесе уақыттың қажеті жоқ. Бастысы, жақының қуансын деген ниет пен көңіл ғана.

Үшіншіден, отбасы мүшелерімен жиі саяхаттау да әдемі көңіл-күйдің орнауына себепші бола алады. Саяхат барысында бір-біріне болысу, суретке түсіп, әр адамды жақыннан тану қанша уақыт өтсе де адамдарға жылулық сыйлайтыны сөзсіз.

Ең бастысы, ата-ана болсын мейлі бала болсын бір-бірін қолдау, қамқор болу  отбасының әрдайым жақсы көңіл-күйде жүруіне көмектеседі.

Е.ЕҢЛІКҚЫЗЫ