ҚР Бас санитар дәрігерінің коронавирус инфекциясына қарсы қайта вакциналауға рұқсат беретін қаулысы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтсақ, ҚР бас санитар дәрігерінің 2022 жылғы 13 қаңтардағы №2 қаулысына өзгеріс енгізіліп отыр.

«КВИ-ге қарсы, оның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған вакциналармен вакцинациялаудың толық курсын қайта жүргізуге жол беріледі.

КВИ-ге қарсы вакцинациялаудың толық курсын қайта жүргізуге егілетін адамның немесе оның заңды өкілдерінің профилактикалық егулердің қайталама курсын жүргізуге ерікті түрде хабардар етілген келісімін алғаннан кейін ғана осы алгоритмге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша түрде жол беріледі», – деп жазылған құжатта.

Құжатқа сәйкес, коронавирусқа қарсы толық қайта вакциналаудан өту үшін алдыңғы екпе алған күннен кейін кемінде 3 ай уақыт өтуі керек.

Қаулының толық мәтінін мына жерден көруге болады.

1 мамырдағы дерекке сәйкес, елімізде коронавирусқа қарсы вакциналаудың толық курсын 9 246 600 адам алды. ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың мәліметі бойынша, ревакциналаудан 2,4 млн адам өткен.