Қоғамда әрбір маманның алатын өз орны бар. Соның ішінде медицина саласы қызметкерлеріне жүктелетін жауапкершіліктің салмағы зор. Өз міндетін ерекше ықыласпен атқарып, халықтың алғаусыз алғысына бөленіп жүрген ақ халаттылар өте көп. Бүгінгі кейіпкеріміз – облыстық психикалық денсаулық орталығының мейірбикесі  Қарлығаш Полат.

Қарлығаш – жас маман. Медицина саласына қадам басқанына санаулы жыл болды. Соған қарамастан ол өз міндетін тиянақты орындауымен ерекшеленеді. Науқастардың тілін тауып, дәрігерлердің нұсқамасын жауапкершілікпен орындайды.

«1997 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданында дүниеге келгенмін. 2012 жылы отбасылық жағдайға байланысты Қызылорда қаласына көшіп келдік. Мектеп бітіргеннен кейін облыс орталығындағы ме­ди­цина колледжіне оқуға түстім. Осы маман­дықты таң­да­ғаныма еш­қашан өкінген емеспін. Ең бас­тысы, халыққа қызмет көр­се­теміз», – дейді мейірбике.

Қар­лығаш медицина саласын таңдауына анасы себепші болғанын айтады. Қатерлі дертке шалдыққан жақын адамын өзі емдегісі келген екен. Кейін мейіргер болу арқылы сырқаты мазалаған азаматтарға меди­циналық көмек көрсетуді мақсат етіпті.

«Еңбек жолымды 2019 жылы Алматы қаласындағы емхана­лардың бірінде учаскелік мейірбике болып бас­тадым. 2020 жылы Қызыл­орда облыстық пси­хикалық денсаулық орта­лығына жұмысқа қабыл­дандым. Бүгінде осы мекемеде қызмет атқарамын. Әлі үйренетінім көп. Бұл ретте тәжірибелі әріптестерімнің қолдауы көп», – дейді Қарлығаш.

Адам­ның бола­шақта кім бола­тынына оның үйінде-гі жағ­дай-дың тигізер ықпалы бар. Мә­селен, мұ­ғалім бол­ғысы келетін­дердің от­басында ұстаздар бар екенін аңғарамыз. Ал дәрігер болуды арман­дайтындар ата-анасын емдеп, жағдайын жасауды бала кезден санасына құйып өседі. Қарлығаштың медицинаға келудегі ең бірінші мақсаты да сол. Ендігіде білімін шыңдап, әрі қарай жұмысына күш салу жоспары да бар. «Жұмысым өзіме ұнайды, қаншама жанның алғысын алып жатырмыз. Десе де мұны қанағат тұтып тоқтап қалмай, алдағы уақытта жан-жақты білім алып, мықты маман болғым келеді», – дейді ол.

Айта кету керек, жуырда облыстық психикалық денсаулық орталығында «12 мамыр –Халықаралық мейірбикелер күніне» орай орта буын қызметкерлері арасында сайыс ұйымдастырылды. Мейіргерлердің білімі мен біліктілігі сыналған байқауда Қарлығаш бас жүлдені жеңіп алды. Енді жас маман орталық абыройын облыстық деңгейдегі жарыста қорғайды.

М.КЕНЖЕҒҰЛОВА