Қызылорда облысы бас мемлекеттік санитария дәрігерінің қаулысы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақта коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақтанды. Осыған байланысты бірқатар шектеу шаралары алынып тасталды. Бұған дейін қабылданған облыстың бас мемлекеттік санитария дәрігерінің кейбір қаулыларының күші жойылды. Олардың қатарында 2021 жылғы 27 тамыздағы №23, 2022 жылғы №1, 2, 3, 4 қаулылары бар.

«Екі жыл ішінде коронавирус инфекциясы эпидахуалының өршуі 1 айдан 3 айға дейін созылып 5 рет көтерілді. Бұл ретте сырқаттанудың әрбір көтерілуі алдыңғы көрсеткіштерден жоғары болды. Антирекордтар жаңарды. КВИ бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды уақтылы жүргізу аурудың таралу қарқынын тежеуге және денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктемесіне жол бермеуге ықпал етті, дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында бүгінде індеттің зардабы азайды. Халық арасында вирус таралуының алдын алу шаралары әлі де белсенді жүргізілуде. Дегенмен елде қалыптасқан тұрақты эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, бірқатар шектеу шаралары өз күшін жойды», – деді Қызылорда облысы бас мемлекеттік санитария дәрігері Динара Жаңабергенова.

Ведомство мәліметінше, Қазақстан аумағында COVID-19 таралуының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен кезекті жеңілдіктер қабылданды.

«Эпидемиологиялық тәуекелдің «сары» және «жасыл» аймақтарында орналасқан өңірлердегі барлық объектілерде «Ashyq» мобильді қосымшасын қолдану міндеті, әлеуметтік арақашықтықты сақтауға қойылатын талаптар мен міндетті термометрия алынып тасталады. Сондай-ақ эпидемиологиялық қауіп-қатердің барлық аймақтарында ашық ауада маскаларды міндетті түрде кию талабы жойылады», – деді Д. Жаңабергенова.