Алматы әкімі Ерболат Досаев пен Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мегаполистің сел қауіпсіздігін бақылау және мониторинг жүргізу мақсатында мореналық көлдердің жай-күйіне аэровизуалды бақылау жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Тікұшақпен бақылауға «Қазселденқорғау» ММ, қалалық ТЖД және басқа да мекемелердің басшылары мен мамандары қатысты. Олар мореналық көлдердің, сондай-ақ Ақсай, Қарғалы, Кіші және Үлкен Алматы өзендері бассейндерінің жағдайын зерделеді. Алматының маңайында барлығы 50-ден астам мореналық және мұздық көлдер бар, олардың 12-сі қауіпті болса, 7-еуінде биыл сел қаупін төмендету бойынша алдын алу жұмыстары жүргізілуде.

«Қазселденқорғау» мамандарының мәліметінше, Алматы тауларындағы мұздық көлдердің бұзылу қаупі бар, сол себептен де олар ерекше бақылауда. Температураның жоғарылауына байланысты мұздықтардың еруі байқалады, қысқы қардан шамамен 40-80% арылған. Мореналық көлдердің көпшілігі суға толтырылғанымен, қауіпсіз деңгейде, жер бетіндегі ағындар қалыпты шекте.


Былтыр жергілікті бюджет есебінен 31 станциядан тұратын Кіші, Үлкен Алматы, Қарғалы және Ақсай өзендерінің бассейндеріне сел қаупінің автоматтандырылған мониторинг жүйесі енгізілді. Жүйе су деңгейін, ауа мен судың температурасын, топырақтың ылғалдылығын, жауын-шашынның қарқындылығын, сел түсу қаупін қоса алғанда, тау өзендерінің жай-күйінің 10-ға дейінгі параметрлеріне автоматты түрде мониторинг жасайды. Мореналық көлдердің жай-күйін тәулік бойы бақылау «Қазселденқорғаудың» 9 тұрақты және 10 маусымдық гидробекеттерінде жүзеге асады. Алматы әкімдігінің қолдауымен олар тұрғын үй модульдерімен, тіршілікті қамтамасыз ету құралдарымен, гидрометеорологиялық аспаптармен және байланыс құралдарымен жабдықталған.


Мореналық көлдерден суды ағызу жұмыстарына барлығы 40 адам кірісті, қажет болған жағдайда бульдозерлер іске қосылады, эвакуациялық каналдарды тазалау және тереңдету жоспарлануда. Тікұшақтан бақылау барысында қала әкімі «Аюсай» шатқалында салынып жатқан селден қорғайтын бөгеттің құрылысымен танысты. Үлкен Алматы және Ақсай өзендерінің бассейндерінде 122 сел қаупі бар учаске, 114 мұздық, мореналық көлдер орналасқан. Желілік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Ақсай мен Аюсай шатқалдарында екі бөгет салынуда. Бүгінгі күні құрылыс белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде, Аюсай бөгеті бойынша жұмыстарды аяқтау мерзімі 2022 жылдың соңына дейін, Ақсай шатқалы бойынша жұмыстарды аяқтау 2023 жылдың соңына дейін жалғасады.