Қазақстанда жыл сайын 600-ден астам орман өрті болса, соңғы бес жылда өрт саны 3 мыңға жеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бас прокуратураның алқа отырысында бейінді министрліктер басшыларының қатысуымен ормандарды қорғау саласындағы заңдылықтың жай-күйі қаралды, деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі 28 қыркүйек күні.

Бас Прокурор Берік Асыловтың сөзінше, Қазақстанда бүкіл аумақтың 4,7%-ы ғана орман алқаптарымен қамтылған. Табиғи өсімнің төмендігі аясында өрттер мен бақылаусыз ағаш кесу оның одан әрі қысқаруына әкеледі. 5 жыл ішінде жалпы ауданы 610 мың гектар орманда 3 мың орман өрті орын алып, 30 млрд теңгеге жуық шығын келтірілді. Барлығы жыл сайын 600-ден астам жағдай тіркеледі.

Отырыс барысында Абай және Қостанай облыстарында болған ірі өрттерді тексеру және тергеу барысында прокурорлар анықтаған бірқатар түйінді проблемалар айтылды:

  • өртті сөндірудің нақты алгоритмдерінің жоқ болуы;
  • экология және төтенше жағдайлар министрліктерінің бөлімшелері арасындағы тиісті өзара іс-қимылдың болмауы;
  • өртті ерте анықтау жүйелерінің болмауы;
  • техниканың тозығы жеткен жай-күйі;
  • орманшылардың өртті жедел сөндіруге дайындығының болмауы.

Осыған байланысты төтенше жағдайларға әкеп соққан себептер мен жағдайларды жою мақсатында Бас прокуратура Үкіметке ұсыныс енгізді.

Орманды заңсыз кесуге қарсы күрес, сондай-ақ орман мекемелерінің оны молайту, оның ішінде Астананың «жасыл белдеуін» кеңейту жөніндегі іс-шараларды сапасыз жүргізуі мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Бас Прокурор сондай-ақ осы саладағы әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтардың анықталуының төмендегенін атап өтіп, орман ағаштарын ұрлаудың заңсыз схемаларының жолын кесу жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!