Өңірлік коммуникациялар қызметінде Шиелі ауданында орын алған оқыс оқиғаға байланысты және жылу беру маусымы кезінде өрттің алдын алу мақсатында брифинг өткізілді.

Спикерлер: Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы азаматтық қорғау полковнигі Асхат Плалұлы Оразбеков, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өндірістік филиалының директоры Жайық Еділұлы Әлішев.

«2023 жылғы 11 қыркүйекте сағат 7-ден 15 минут өткенде Шиелі ауданы, Шиелі кенті, Н. Бекежанов көшесіндегі жеке тұрғын үйде алдын ала болжам бойынша табиғи газдан уланып, 2017 ж.т. және 2020 ж.т. балалар қаза болды. Оқиға орнына ТЖД жеке құрамынан 1 қызметкер барды. Құрметті тұрғындар! Газ пештері мен газ жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаңыздар!» деді А.Оразбеков.

Ж.Әлішев: «Қызылорда облысының Шиелі елді мекеніндегі жалдамалы пәтерде 3 жастағы және 6 жастағы балалардың газдан уланып қайтыс болғаны туралы Төтенше жағдай департаментінен хабарлама түсті. Балалардың анасынан қазіргі сәтте аудандық ішкі істер бөлімінде түсініктеме алынуда. Үйді жалға берген үй иесі газ плитасының бұрандасы ашық тұрғанын айтуда. Қайғылы жағдайдың анық-қанығын анықтау үшін арнайы комиссия құрылады» дейді.⠀

Өз кезегінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ табиғи газды қолданудың ережелерін қатаң сақтау керек екенін тағы да ескертеді.
Олар өте қарапайым:

  • Газдың иісі шыққанда бірден 104 нөміріне қоңырау шалыңыз;
  • Балаларды газ жабдықтарына жолатпаңыз;
  • Түтін шығатын құбырлардың тартуын үнемі тексеріңіз;
  • Қосулы газ жабдығын қараусыз қалдырмаңыз;
  • Газ аспаптарын өзіңіз жөндеуге болмайды;
  • Жылыту үшін газ плиталарын пайдалануға тыйым салынады;
  • Су жылытатын газ жабдығын жуынатын бөлмеге орнатуға болмайды;
  • Қолдан жасалған пештерді пайдалануға тыйым салынады.⠀
    Абай болыңыздар, жақындарыңыздың өміріне қауіп төндірмеңіз!

Газ мамандары тұтынушылардантұрмыстық газды пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды!Газ тұтынушылары қандай қателіктерді жиі жібереді және жылыту маусымында қауіпсіздікті қалай сақтау керек? Жазатайым оқиғалардың көпшілігінің себептері – мұржаның түтін тартпауы, желдету арналарының, терезелердің ашылмайтындай орналасуы, газ аспаптарында оқыс жағдай кезінде газды сөндіретін автоматиканың болмауы, газ аспаптарын қараусыз қалдыру, тұрақты техникалық қызмет көрсетуді елемеу.Газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздікке деген мұндай немқұрайлы көзқарас кейде қайғылы салдарға әкеледі.Өзіңізді қалай қорғауға болады?

• Үй-жайда газдың иісі байқалған кезде жабдыққа дейінгі және жабдықтың өзіндегі крандарды дереу жабу, терезелер мен есіктерді ашу, желдету, сіріңке жақпау, темекі шекпеу, электр аспаптарын қоспау және өшіру, 104 телефоны бойынша авариялық қызметті шақырту қажет.

• Газ пайдаланатын жабдыққа газ беруді автоматты түрде өшіруге арналған газ дабыл қаққыштарын (сигнализатор) орнату.

• Үйішілік газ құбырлары мен газ аспаптарына уақтылы техникалық қызмет көрсетуді жүргізу.
Брифингтің соңында спикерлер журналистердің сұрақтарына жауап берді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!