Бүгінде әлем халқының саны

7,6 млрд-қа жетті. Ал халықтың 55 пайызы қалада тұрады. Ғалымдар 2050 жылы жер бетіндегі қала халқының үлесі – 68 пайыз болады деп болжап отыр. Ал экономистердің айтуынша, қалада әлемдік экономиканың 70 пайызы шоғырланған. Мұның әсерінен қала саны өсіп, ауылдық жерлердің бос қалу қаупі артады. Осыған орай қалаларды ақылды етудің маңызы зор. Бұл – әлемдік тәжірибе. Енді ақылды қала жобасының тарихына тоқталсақ.

«Smart city» түсінігі 1950 жылдан бастап қолданыла бастады. Оны алғаш қолданған америкалық экономист Питер Друкер деген азамат. Бұл ұғым қала құрылысын салар кезде жазылған еңбек көрінеді. «Менеджменттің тәжірибесі» деп аталатын туындысында экономист smart cityге былай деп анықтама берген: specific – нақты, measurable – өлшенетін, achievable – қолжетімді, realistiс – шынайы, timed – белгілі бір уақытта. Алайда іс жүзінде бұл концепция бірнеше жылдан кейін ғана қолданылды. Яғни 1984 жылы АҚШ-та «City Place» деген атаумен салынып шықты. Онда бейнебақылау жүйесі, қауіпсіздікті қадағалайтын жабдықтар, өздігінен жұмыс атқаратын аспаптар болған. Тек қазіргідей ақпараттық жүйе болмаған. Одан кейін 1993 жылғы Силикон алқабында пайда болған smart city «ақылды өсу» концепциясына ықпал еткен. Ал қазір әлемнің 2500-дей қаласы ақылды қала концепциясын қолданады. Біздің елде де соңғы жылдары ақылды қала концепсиясы қолға алына бастады. Дүниежүзілік банктің ресми сайтында жарияланған хабарламада «Қазақстанда смарт-қалалар және жасанды интеллект» жобасы жүзеге асырылатыны айтылған. Ел Үкіметі оған 250 миллион доллар қаражат сұраған. Жалпы ел билігі бұл жобаға 1 миллиард доллардан астам қаражат жұмсауды көздейді. Өткен жылы Шымкент қаласын ақылды қала ету жоспарланған. Бірақ кейінге шегерілген. Бұған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакиннің айтуынша, бұған пандемия ықпал етіпті.

Жалпы smart қала деп нені айтамыз? Оны енгізудегі мақсат неде? Әдетте, ақылды қалалардың экономикасы жоғары, басқару жүйесі жүйеленген, инфрақұрылымы жетілген, барлық талапқа сай болады. Тұрғындары да цифрлық тұрғыдан сауатты әрі жаңашылдыққа бейім келеді. Сонымен қатар 4G мобильді байланысы, Wi-Fi-ға кіретін көп нүктелері, ақылды паркинг, жол қозғалысының оңтайландырылған жүйесі, мемлекеттік қызметтің онлайн форматта қолжетімділігі, азаматтар позициясының белсенділігі, қоқыс қалдығын өңдейтін аппараттары сынды белгісі бар. Бұл белгілердің барлығы – дамушы елдердегі ақылды қала жүйесі. Ал дамыған елдерде smart қала түсінігі біздікінен алшақтау. Мәселен, Сингапур – технологиялық тұрғыдан әлемдегі көшбасшы ел. Мұндағы «Smart Nation» бағдарламасы ресурстарды басқаруға көмектесуде. Бұл қаладағы ақылды қаланың ең негізгі элементі – ақылды көше қозғалысы. Сол себептен мұнда көлік кептелісі болмайды. Өйткені көшенің барлық қиылысында ақылды бағдаршамдар, транспорттық ағынның сыйымдылығын бақылайтын датчик орнатылған. Ал ақылды көлік тұрақтары бос орындар туралы ақпараттарды көлік иеcіне хабарлайды. Бұған қоса, бұл ел цифрландырудың арқасында электронды сауданы жолға қойған. Ал Лондон қаласы ақылды қала жобасы арқылы транспорттық мәселені шешкен. 2002 жылы транспорттық реформа болып, көлік тұрақтары ақылы режимге көшіп, артынша smart жүйеге өтті. Осылайша, аталған саладағы түйткілдер өз түйінін тапты. Бүгінде Лондон қаржылық және техникалық хаб бойынша, Еуропа елдерінің арасында 2-інші орынға ие. Бұл көрсеткішке олар smart city концепциясының арқасында қол жеткізді. Мұнда да Сингапурдағыдай ақылды көлік тұрақтары бар. Ол 2014 жылдан бері қолданыста. Ал 2002 жылдан бері төлем жүйесі толықтай цифрлық форматқа көшкен. Қазіргі таңда олар 5,4 млн долларды дәл осы транспорт саласын дамыту үшін бөлінді. Осылайша бұл қала тарихи қателіктерді жоюға талпынып, жаңа жүйеге толықтай өтуде. Ал Жапония экономикалық дамуының сырын ақылды қала жобасымен байланыстырады. Жапондар барлық саланы компьютерлендіруге басымдық беріп, роботтың технологиясын әлеуметтік және өндірістік жұмысқа тартты. Аталған жоба қаладағы көптеген шаруашылық жұмыстары мен қызмет түрлерінің тиімділігін арттырып, инновацияны дамытуға жағдай жасады.

Байқағаныңыздай, дамыған елдер ақылды қала жобасымен экономикасын дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға бағыттаған. Сол себепті дамушы елдер де ақылды қала концепсиясын жетілдіретін уақыт жеткен сияқты. Осы тұста еліміздің жас өнертапқыштарының ұтымды жобасын қолданысқа енгізу де маңызды. Мәселен, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары осыдан бір жыл бұрын ақылды емхана жобасын ойлап тапқан болатын. Бірақ мемлекеттік қолдаудың жоқтығынан жоба әзірге тәжірибе күйінше қалды. Ал осындай жобаларды дамыған мемлекеттер арзан бағаға сатып алып, күрделендіріп, қолданыс аясын кеңейтуде. Осы күнге дейін smart қала деп ауыз толтырып айтқынымызбен, Нұр-Сұлтан қаласының өзінде де инновациялық  немесе қомақты қаржы түсіретін жобалар жоқтың қасы. Ал біздің өңірге бұл жобаның қашан енетіні әлі белгісіз. Сондықтан ақылды қала жобасын айту ерте сияқты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!