Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары бойынша халық алдындағы есепті кездесуінде Сыр елінің агроөнеркәсіп саласында айтарлықтай өсім бар екендігін мәлімдеді.

Қазіргі таңда облыста 8,7 мың тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры қалыптасқан. Оның 2,2 мың тоннасы тұрақтандыру қорының өнімдері. Бұл мақсатқа 1,2 млрд. теңге бөлінді.

«Соңғы 5 жылда аграрлық сектордың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 4%-ға өсті. Бұл инвестициялардың жоғары өсу қарқынына, техникалық қайта жарақтандыруға және жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты. Тек соңғы жылдың өзінде агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі екі есеге өсті», – деді Гүлшара Наушақызы.

Сонымен қатар, өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты шамамен 9 пайызға өскен. Осы экспорттың 97 пайызы қайта өңделген өнімді құрайды.

2020 жылы алғаш рет шет елге қамыс экспортталды. Оның алғашқы 685 тоннасы Германияға жіберілді.

Сондай-ақ, Сыр елінен әлемнің 17 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі экспортталды.

Kyzylorda-news.kz.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!