Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тұрақтандыру үшін тауар өндірушілермен тікелей жеткізуге қосымша шарттар жасалды
НҰР-СҰЛТАН, 3 мамыр – Sputnik. Елордаға Түркістан облысынан 3 мың тонна ерте пісетін көкөністер жеткізілді. Бұл – бірінші партия. Осы өнімнің бағасы нарықтық бағадан 15 процентке төмен болады , деп хабарлайды Sputnik Қазақстан әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Арзан көкөністерді бірқатар бөлшек сауда желілерінен сатып алуға болады.
Олар: Фермаг; Астықжан; Ақмол; Вкусмарт; Анвар; Small;
Ал бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан бағасын тұрақтандыру үшін «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-мен 9 мың тоннадан астам астық жеткізу туралы меморандумға қол қойылды.
Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тұрақтандыру үшін тауар өндірушілермен тікелей жеткізуге қосымша шарттар жасалды. Жыл бойы жәрмеңкелер (Пригородный ТМ, Арнасай к-сі, 109) ұйымдастырылады.
Ал инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын бақылап отырады.
Сауда үстемесі тауар өндірушіден немесе көтерме жеткізушіден сатып алу бағасының 15 процентінен аспауы тиіс.
«Комиссия сауда үстемесінің шекті мөлшерінің сақталуын бақылайды. Тәртіп бұзушылықтар болған жағдайда сауда субъектілері жауапкершілікке тартылады. Қайта бұзу фактісі анықталса, сауда субъектілеріне, соның ішінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 75 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне-300 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады», – дейді басқарма мамандары.
Азық-түлік өнімдеріне бағаның негізсіз өсуі туралы өтінішті басқарма мекенжайына электрондық үкімет порталы арқылы немесе Бейбітшілік көшесі, 11, 113 кабинет мекенжайы бойынша жіберуге болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!