Кез келген адамды «банк жабылған жағдайда, несиенің тағдыры не болады» деген сұрақ мазалауы мүмкін. Банк таратылса, кредит кешіріле ме?

Кәсіби мамандардың сөзінше, қандай да бір себептермен екінші деңгейлі банк жабылып қалса, одан алған несие кешірілмейді. Клиент бәрібір өз қарызын толығымен өтеуге міндетті. Егер банкке қарызы бар адам ай сайынғы кредитін төлемесе, онда дебиторлық берешек сот тәртібімен өндіріп алынады. Банк таратылғанымен, кредит бойынша процент, айыппұлдар мен өсімпұлдар тоқтатылмайды. Өйткені олар да қарыз алушы сияқты қаржы ұйымдарының алдында жауапты болады.

Банктердің жабылғаннан кейінгі тағдырына жауап беретін тарату комиссиясы таратылатын банктің атынан әрекет етеді. Оның құзыретіне кредиторлар тізімін жасау, мүлікті сату бойынша сауда-саттық ұйымдастыру, кредиттер бойынша берешекті өндіріп алу кіреді. Комиссия дербес шешім қабылдай алады.

Банк мәжбүрлеп таратылатын кезде кредиторлардың мүддесін қамтамасыз ету және олардың қатысуымен шешім қабылдау үшін Кредиторлар комитеті құрылады. Оның негізгі өкілеттіктері – банк активтерін (мүлкін) өткізу жоспарын бекіту және тарату шығыстарының сметасын бекіту.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!