Қостанайда пияз бағасы бір апта 50 теңгеге өсіп, бір келісі 300 теңгеге жеткен. Тұрғындар әлеуметтік маңызы бар өнімнің қымбаттағанына ашулы деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Өткен жылмен салыстырғанда пияздың бағасы екі есеге қымбаттаған. Халық ашулы болса да барынша сатып алуға тырысуда. Себебі баға бұдан да артып кете ме деп қорқады екен. Әкімдік әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың күнделікті бағасын қадағалап отырғанын айтады. Тұрақтандыру қорынан тоғыз тауар сатылуда. Дегенмен олардың ішіне пияз кірмеген. Ал сатушылар болса бағаның әлі де көтерілетінін айтады. 

“Бағаның көтерілуі климаттық жағдайларға байланысты болды және бұл біз үшін күтпеген жағдай. Қостанай облысында небәрі екі пияз өндірушісі бар. Олар өсіретін өнімдер жеткіліксіз, тек 1/4 бөлігін қамтамасыз ете алады. Пиязды негізінен бізге оңтүстік облыстардан келеді”,- деді «Қостанай қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Нұралы Есергепов.

Қостанайлық тауар өндірушілер облыс тұрғындарының сұранысын небәрі 20 пайызға ғана қамтамасыз етіп отыр. Қазір тұрақтандыру қорында жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілерінен сатып алынған бұл өнімнің 300 тоннасы бар. Түркістан облысынан да пияз сатып алу мүмкіндігі қарастырылуда.

Тобыл» ӘКК тұрақтандыру қорымен жұмыс жөніндегі директоры Айбек Темірбековтың сөзінше, тауардың бағасын бекіту бойынша жұмыс істелуде. Ал өнімдердің өзі 1 ақпаннан кейін сауда желілерінде сатылмақ.

Сарапшылар пияздың шарықтауын бұл өнімдерді елден экспорттауға тыйым салумен байланыстырады.

Көкөніс өсірушілер одағы елде объективті жұмыс істейтін нақты егінді есептеу жүйесін енгізуді ұсынып отыр. Ал содан кейін экспортқа ішкі нарыққа зиян келтірмей қанша жіберуге болатынын есептеуге болады. Олар егер мемлекет көкөністерді экспорттауға тыйым салатын болса, кейін көкөністер жарамсыз болып қалмау үшін өндірушілерге қолдау көрсетуі керек екенін атап өтті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!