Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен тұрғын үй құрылысы мәселелері жөнінде жиын өтті. Жиында 2021 жылы кредиттік тұрғын үйді салу және пайдалануға беру, ағымдағы жылы жалға берілетін тұрғын үйлерді салу және сатып алу, тұрғын үйі апаттық деп танылған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және құрылыс материалдарының қымбаттауы мәселелері бойынша 4 сұрақ қаралды.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетов пен «Отбасы банкі» Қызылорда филиалының директоры Әділжан Сәулебаев 2021 жылы кредиттік тұрғын үйді салу және пайдалануға беру бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады.

2021 жылы 644,7 мың ш.м тұрғын үй пайдалануға беру жоспарлануда. Биылғы жылы облыс бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2158 пәтерді құрайтын 105 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу, жыл аяғына дейін 1 608 пәтерді құрайтын 94 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.

Қызылорда қаласы бойынша СПМК-70 тұрғын ауданында 940 пәтерлі 19 үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде, 2020 жылы 640 пәтерлі 13 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Биылғы жылы аталған үйлер пайдалануға берілу үшін газ желілерін жүргізу жұмыстары аяқталу қажет. Арал ауданында 40 пәтерлі 10 үйдің, Қазалы ауданында 40 пәтерлі 10 үйдің, Жалағаш ауданында 10 пәтерлі 10 үйдің, Шиелі ауданыда 25 пәтерлі 25 үйдің құрылысы аяқталған. Аудан әкімдіктері мен «Отбасы банкі» арасында меморандум жасалған. Алдағы уақытта кредиттік үйлер пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Аймақ басшысы қалалық бюджет есебінен СПМК-70 тұрғын ауданындағы 13 кредиттік көпқабатты тұрғын үйді газбен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етіп, 2021 жылғы 1 қарашаға дейін үйдің құрылысын аяқтауды және «Отбасы банкі» Қызылорда филиалымен бірлесіп, салынған кредиттік үйлердегі пәтерлерді өткізу бағытында жұмыстарды жеделдетуді, өткізілмеген пәтерлердің санын анықтап, апатты үйлердің тұрғындарына қайта бағыттауды тапсырды. Сонымен қатар, Арал, Қазалы, Жалағаш, Шиелі ауданы әкімдіктеріне 2021 жылғы 1 қазанға дейін салынған несиелік үйлерді өткізуді жүктеді.

Күн тәртібіндегі екінші және үшінші мәселе бойынша атқарылған жұмыстарды Бердияр Пірімбетов тізбектеді.
Биылғы жылы барлығы 945 пәтерді құрайтын 54 жалға берілетін үйдің құрылысына бюджет есебінен қаржы бөлінген. Қызылода қаласында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 590 пәтерлі 12 көпқабатты тұрғын үй, Шиелі ауданында 72 пәтерлі 4 үй, Сырдария ауданында 33 бірқабатты тұрғын үй биылғы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. 2021 жылдың қорытындысымен өңірде жалға берілетін 695 пәтерді құрайтын 49 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Оның ішінде, 232 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, 463 пәтер аз қамтылған көп балалы отбасыларына бөлінетін болады.

Сонымен қатар, 2021 жылы аз қамтылған көп балалы отбасылар үшін 342 жалға берілетін пәтер сатып алу мақсатында Ұлттың Қордан қаржы бөлінді. Қызылорда қаласында – 192 пәтер, Арал ауданы – 35 пәтер Қазалы ауданы – 35 пәтер, Қармақшы ауданы – 10 пәтер, Жалағаш ауданы – 20 пәтер, Сырдария ауданы – 10 пәтер, Шиелі ауданы – 20 пәтер, Жаңақорған ауданы – 20 пәтер сатып алынатын болады. Сатып алынатын үйлердің құрылыстары жүргізілуде. Айта кету керек, Байқоңыр қаласында жалға берілетін 250 пәтерлі 5 үйдің құрылысы басталады деп жоспарлануда.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласы әкімі Ғанибек Қазантаевқа жылумен жабдықтаудың сыртқы желілерінің құрылысын ағымдағы жылғы 15 қыркүйегіне дейін толық аяқтап, пайдалануға беруді, қысқа мерзімде барлық тұрғын үйлерді абаттандыру мәселесін шешіп, қазан айынан бастап кезекте тұрған азаматтарды қоныстандыруды қамтамасыз етуді жүктеді. Ал, Сырдария ауданына қарасты елді мекендердегі 33 жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, аз қамтылған көп балалы отбасыларды кезектілікке сәйкес қоныстандыруды ағымдағы жылғы 1 қыркүйекке дейін қамтамасыз етуді, Шиелі кентіндегі 72 пәтерлі 4 жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, желтоқсан айына дейін қоныстандыруды аяқтауды тапсырды.

Сонымен қатар, Байқоңыр қаласындағы 250 пәтерлі 5 үйдің құрылысын бақылауға алып, аз қамтылған көп балалы отбасылар үшін пәтерлерді сатып алудың ағымдағы жылғы жоспарын орындау қажет екенін айтты. Тағы бір тапсырма, бір ай мерзімде жоспардың орындалмау тәуекелі бар жағдайлар пысықталып, қаражатты аудандарға қайта бағыттау жөнінде нақты ұсыныстар енгізу туралы болды.

Жиында облыс әкімі тарапынан Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 50 пәтерлік үйдің құрылысын аяқтау және апатты үйлердің тұрғындарына пәтерлерді кезектілікке сәйкес ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін бөлуді қамтамасыз ету және несиелік тұрғын үйлердегі сатылмаған пәтерлердің санын анықтап, апатты үйлердің тұрғындарына қайта бағыттау тапсырылды. Сондай-ақ, Арал ауданындағы апатты үйлерде тұратын 14 отбасын үймен қамту бойынша ұсыныс енгізу қажет екенін айтылды. Еске салайық, жаңа тұрғын үй саясатына сәйкес 2022 жылдан бастап жалға берілетін тұрғын үй құрылысына қаражат бөлінбейді.

Төртінші мәселе құрылыс материалдарының қымбаттауына қатысты облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы мәлімдеме жасады. Соңғы алты айда құрылыс материалдары мен жанар-жағармай бағасының күн сайын қарқынды өсуі байқалады. Жүргізілген талдаулардың нәтижесінде құрылыс материалдарының бағасы сметалық бағадан едәуір асып түсетіні анықталды. Яғни, материалдардың бағасы қолданыстағы сметалық бағалармен салыстырғанда орта есеппен 96% өскен.

Облыс әкімі 10 пайыздан астам қымбаттаған барлық салынып жатқан құрылыс нысандарына талдау жүргізу, сметалық құнды ұлғайтуды талап ететін нысандар бойынша қаржылық аудит жүргізу үшін барлық қажетті құжаттарды әзірлеуді ұйымдастыру бойынша тапсырма беріп, барлық тапсырмалардың орындалуын бақылауды орынбасары Серік Сүлейменовке жүктеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!