Бүгінде зейнетақы қорындағы ақшаны алуға ел аза­маттары белсене кірісуде. Оның ішінде зейнетке шығуына аз қалған салымшылар да бар. Осы тұста көпшілік зейнетақы аннуитеті барын ескере бермейді.

Егер жасыңыз шамамен 50 жасқа таяса, зейнетақы қорындағы қаржыны алу тиімсіз. Одан да зейнетақы аннуитетін пайдаланған жөн. Өткен жылы зейнетақы аннуитетін рәсімдеу үшін зейнетақы қорында ерлерде – 9 млн 6 мың, әйелдерде 13 млн 4 мың болуы шарт еді. Биыл зейнетақы аннуитетінің шегі түсірілді. Мәселен, ерлер үшін – 6 млн 700 мың болса, әйелдер үшін – 9 млн болып бекітілді. Егер сіздің зейнетақы қорына жинап жатқан салымыңыз осы сомаға жақын болса, қордағы қаражатты алмай, зейнетақы аннуитетін рәсімдей аласыз. Ол үшін қаражатыңызды өмірлік сақтандыру компаниясына аударып, ерлер – 55 жаста, ал әйелдер – 51,6 жаста зейнетке шыға алады. Осы тұста сақтандыру компаниясы дегеніміз не? Оның  артықшылығы мен кемшілігіне тоқталсақ.

Табысы жоғары азаматтар зейнетақы аннуитетін пайдаланып, өмірді сақтандыру қорына қаржы аударса, 100 жасқа дейін зейнет­ақымен қамтамасыз етіледі. Бұл сақтандыру қорының тиімді тұсы. Ал кемшілігі, сіз 65 немесе 70 жаста дүниеден өтсеңіз, қаражат мұра­герлікпен қайтарылмайды. Яғни сақтандыру қорында қалады. Қазір біздегі жүйе бойынша ел азаматтарын зейнетақымен қамтамасыз ету жасы – 63 пен 82 жас аралығын қамтиды. Бұл көрсеткіш халықтың ор­таша өмір сүру жасымен бекітілген.

– Зейнетақы аннуитетін рәсімдеген таныстарым бар. Тіпті артылған қаржыға баласының Ұлыбританиядағы оқуын төлегенін де көрдім. Жалпы қазір қорда қомақты қаражаты бар азаматтардың басым көпшілігі тұрғын үй алуға қаржы салуға ниетті еді. Бірақ нарықтық сұранысқа қарай, тұрғын бағасы шарықтап кетті. Осы уақытқа дейін 15 миллионға бағаланған үй қазір 18-19 миллион шамасында. Тірнектеп маңдай термен жинаған қаржыны бағасы қымбаттап кеткен тұрғын үйге салу қаншалықты тиімді?! Егер жасыңыз 50-ден асса, сәл шыдап, қордағы қаржыңызды зейнетақы аннуитетінің шегіне жеткізіп, ерте зейнетке шыққан тиімді. Қазір ел арасында зейнет жасы төмендейді деген әңгіме де айтылып жүр. Бірақ бұл мүмкін емес жағдай деп айтар едім. Сол себепті қордағы қаржыны мақсатты пайдалануға шақырамын, – дейді сарапшы экономист Мақсат Халық.

Биыл басты жаңалық ретінде бірлескен аннуитеттерді енгізу жоспарлануда. Яғни шарт бойынша бір адамның емес, бірнеше адамның қатысуын көздейді.

– Бірлескен аннуитет жақын туыстардың зейнетақы жинақтарын біріктіруге және аннуитет шарты бойынша кірісті қайта бөлуге мүм­кіндік береді. Мысалы, ерлі-зайыптылардың бірінің ӨСК-ден аннуитет сатып алуға зейнетақы жинағы жетпейтін болып, екіншісінде артық болса, бірлескен зейнетақы аннуитеті арқылы екеуіне де өмір бойы төлемдер төленеді, – дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева.

Ескерте кететін жайт, 1 қаңтардан бастап ерлердің зейнетке шығу жасы 63 жас, ал әйелдердікі 60 жас болып белгіленді.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА