Депутат жарты миллиард теңгеге жуық алаяқтық фактісі бойынша ұсталды. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйеніп хабарлайды.

“Ірі көлемде жасалған алаяқтық фактісі бойынша аудандық мәслихат депутатына қатысты ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. 

Шаруа қожалығы атынан шын мәнінде жоқ болған малға субсидия алуға өтініш берген. Сондай-ақ, бұл азамат «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша  «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 600 бас ірі қара мал сатып алуға берген несие қаражатын заңсыз алған. Осылайша, жалпы шығын көлемі 457 миллион теңгені құрайды”, – делінген бейсенбіде тараған ақпаратта.

Қазіргі уақытта бұл азамат ұсталып, оған қатысты «қамау» түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалған.

ҚМА азаматтардың әл-ауқатының өсуіне кедергі келтіретін көлеңкелі экономикамен және экономикалық қылмыстармен күрес жұмысын жалғастыратынын атап өтті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!