Kyzylorda-news.kz  Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін атап өту аясында «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен, «Ауыл нақыштары» дәстүрлі республикалық фотобайқау жеңімпаздарын марапаттау  рәсімі өтті.

«Ауыл нақыштары» байқауы 2023 жылдың 1 қыркүйегінде басталған болатын. Оның негізгі мақсаты – ауылдардың шынайы көріністері, әсем табиғаты арқылы ұлт бесігі – ауылға, оның тұрмыс-тіршілігіне көпшілік назарын аудару, еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеру.

«Ауыл нақыштары» байқауы бойынша 1 орынды  Маңғыстау облысынан Майемеров Серік,  2 орынды Қызылорда облысынан «Сыр медиа» ЖШС-ның фототілшісі Нұрболат Нұржаубай, 3 орынды Шымкент қаласынан Сейтжаппар Береке иемденді. «Ауыл еңбеккерінің бейнесі» арнайы сыйлығы бойынша Астана қаласынан Омаров Ерлан, «Әлеуметтік желідегі жүлдегер» арнайы сыйлығы бойынша Абай облысынан Қарымсақова Жазира жеңімпаз атанды.

«Барлық берекенiң бастауы-ауыл. Сондықтан ауыл нақыштарын дəрiптейтiн мұндай бастамаларды ерекше қолдаймын. Бiрге атсалысуға тырысамыз. Республика кɵлемiндегi ауқымды шараны ұйымдастырған «Ауыл» партиясына алғысымды айтқым келедi. Ауылымыз кɵркейе берсiн», – дейді Нұрболат Нұржаубай.

Ұйымдастырушылар әуесқой фотографтарға да, өз ісінің кәсіби мамандарына да бірдей шарт қойды. Осы уақытқа дейін онлайн форматта, еліміздің барлық өңірлерінен партияның сайты арқылы 500 жуық жұмыс келіп түсті. Әр қатысушының 3 фотодан жіберу мүмкіндігі болды. Құрамына партия басшылығы мен тәжірибелі фотографтар енген кәсіби қазылар алқасы туындылардыңтақырыпқа сәйкестілігі, жұмысты бере білудің жаңашылығы, көңіл-күй және т.б. критерий арқылы іріктеу жүргізді. Қазылар өз отырысы нәтижесінде «Әлеуметтік желідегі жүлдегер» сынды арнайы сыйлық тағайындаужөнінде шешім қабылдап, іріктеу партияның Telegram каналында ашық дауыс беру арқылы жүргізілді. Ауыл еңбеккерінің қоғамдағы мәртебесін көтеру мақсатында тағайындалған «Ауыл еңбеккерінің бейнесі» арнайы сыйлығы жүлдегері аталмыш тақырыптағы фотолар арасынан таңдап алынды.

Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің, Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшылығы, дипломатиялық миссиялардың өкілдері, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы, шығармашыл зиялы қауым мен жастар қатысты.

Салтанатты шараны ашқан «Ауыл» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков «Фотосурет арқылы біз әдеттегі дүниелерді жаңа призма арқылы көру мүмкіндігін алдық. Біз қызығы мен қиындығы қатар жүретін ауыл тұрғындарының тіршілігін сол қалпында көрсете білген әр қатысушыға алғысымызды білдіреміз. Жыл санап байқауға қатысушылар саны артып келеді. Биыл 122 адам қатысып, байқауға 500 тарта төлтуындылар ұсынылды. Бұл өз кезегінде фотография өнерінің әуесқойлары мен кәсіпқойлары арасында аталған конкурстың маңызы мен қажеттілігін көрсетеді», – деді.

Салтанатты шарада сөз алған халықаралық «National Geografic» журналының жауапты редакторы Айбын Шағалақ та ауыл тақырыбының пейзаждар, репортаждық түсірілімдер, документалды фотография, портретистикамен айналысатын фотографтар үшін қызықты екендігін айта келе, ауылдың – қиялдың қайнар көзі екендігін жеткізіп, фотография өнеріне шын берілген адамдарды қолдап, мотивация бергені үшін  «Ауыл» партиясына алғысын білдірді.

  Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі аяқталған соң,сауда ойын-сауық орталығы фойесінде «Ауыл нақыштары» фотокөрмесі ашылды. Көрмеде 50 фото қойылған. Астана тұрғындары мен қонақтарының көрмені 2 күн бойы тамашалау мүмкіндіктері бар.

«Сыр медиа» ЖШС-ның фототілшісі Нұрболат Нұржаубайдың байқауға ұсынған суреттері

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!