Сенің маңдай теріңді көріп, басылушы еді шөлім,

Сонда да бізге білдірмей ішке жұтатын  шерін.

Күйігің – ең қасіретті кезім,

Иығың – ең қасиетті төрім.

Алқымымнан алып аузын ашса да ажал,

“Тәйт” деген сөзіңнен қорқынышты емес өлім!

Осыдан 20 жыл бұрын ең үлкен оқиға болды сәтті,

Себебі перзентханада “ақын” шырылдап жатты.

Сол бір сәтте,

Әкемнің қилы арманы да,

Анамның қиналғаны да,

Ғажайып әуендей естілді тәтті.

Сіз тірліктің қамытын кигенде-ақ басқа,

Жазылу керек еді өзің туралы естеліктер мен дастан.

Әке мен бала арасындағы мұғжиза деген осы.

Тәңір бізді қалай керемет қып қосқан?!

Еңсеңіз түспесін,  әке,

Қандай қиындық кешсеңде бастан.

Оған шыдай алмайды Құдайдың құзырындағы аспан!

Әке, өмір дегенің шошып ояған түстей,

Көңіл керуенің сәт таянғанда қарақшылардай қаскөй.

Ғұмыр сәулесін бұлт торлағанша бұлқынып өтем мәңгі,

Сіз аман тұрғанда жүремін бәлкім қайран дүниеге піспей.

Алақаныңызда – әлем көрмеген нығмет,

Бақытты балалық шақ үшін құрмет.

Қасымда болсаң әке, әзәзілдердің тамырын басып,

Әзірейліге де  күле қараймын іштей!

*

Сен кетіп ең қаланы шарлап әрі,

Болмағандай өмірдің сонда мәні.

Сенің сәби көңілің шырылдаса,

Менің ақын жүрегім қорланады.

Өз-өзіммен алысып мен жүдедім,

Жоғалтарым жоқ бәлкім енді менің.

Кетеріңде жолыңа көп қарадым,

Шығып бара жатқандай соңғы демім.

Желкеніне жел үрлеп, ой кеменің,

Шарасыздан шаршаймын, сенделемін.

Сенің ыстық кеудеңде өртке оранып,

Өліп қалғым келеді кейде менің…

Кәпір ғалам сыйлайды мұңын маған,

Сонда менің жанарым жымыңдаған,

Мен секілді сені ешкім түсінбеген,

Сен секілді мені ешкім ұғынбаған.

Көңілді қаяу басып, торлады мұң.

Тағдырдың жазуы – жалған ұғым!

Жалғыз кетіп барамын жанымды жеп,

Сен екеуміз жүретін жолда бүгін.

Ойға баттым өзімше ән салдым да,

Ән салдым да күй кештім сарсаң мұнда.

Сенсіз өткім келмейді бұл көшеден,

Ажал күтіп тұрғандай қарсы алдымда…

Есімханның даңғылы сұрланады,

Болмағандай өмірдің сонда мәні.

Алғаш рет сағынып жыр жаздым да,

Алғашқы рет жек көрдім бұл қаланы.

Әли АСҚАР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!