Аймақта 14-35 жас аралығында 245 мыңға жуық адам тұрады. Бұл – жалпы халықтың 29 проценті. «Білімдінің күні – жарық» деген Сыр жастарының 341 мыңнан астамы өңірдегі 3 жоғары оқу орны мен 30 техникалық және кәсіби білім беру мекемесінде оқып жүр. Ал енді осы жастарға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Бұл бағытта қоғамдық ұйымдар мен партиялар бастамалардың өз дәрежесінде орындалуын қадағалау қажеттілігі айқын. Әйтсе де, бүгін көпшілік сұрауы бойынша «AMANAT» жастарды қолдай ма?» деген сұрақ төңірегінде жауап іздеп көрдік. Ұзынсонар тізімнен бұрын, алдымен «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының өзі жеткілікті.
Жастар арасында тұрақты жұмысқа қолы жеткендер қатары қалыңдады. Кезіндегі жұмыссыздар армиясының алғышебінде жүргендер де бүгінде екі қолға бір күрек тапқан. Әрине, тауы жоқ жерде альпинист болуды арман етіп, мамандығын солай таңдағандардан басқа. Бір салада маман тапшылығы байқалса, екінші салада жұмыс іздегендер бар. Бұл мамандық таңдаудағы тенденцияның көрінісі десек болар. Аймақтағы қай бағдарлама болмасын, жұмыспен қамту бағытына кеп тіреледі. Сондықтан, бұл – бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі.
– Партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының «Жастармен бір толқында» бағытында жастардың дамуына жағдай жасап, оларға қолдау көрсету бойынша көп жұмыс атқарылуда. Соның ішінде ең өзекті мәселе – жастарды жұмыспен қамту. 2025 жылға дейін жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін 3,9%-ға төмендету, NEET санатындағы жастармен жұмыс, «Жасыл ел», «Жас құрылысшылар» жобалары аясында 7000-ға жуық жасты маусымдық жұмысқа тарту, «Бастау бизнес» жобаларын іске асыруда 2500 адамды жыл сайын оқыту, 2027 жылға дейін «Жастар тәжірибесі» жобасын аяқтағаннан кейін

жастардың тұрақты жұмыспен қамту көрсеткішін 10% кем болмауын қамтамасыз ету, «Жастарға жұмыс» жобасын іске асыру, мемлекеттік бағдарламалардың кең ақпараттық түсіндіру бойынша «Жастарға кеңес» жұмыстарын жүргізу көзделген. Жыл басынан бері «Жастарға кеңес» консалтинг орталығында базар келушілері мен жұмыскерлері сала мамандарынан, басшыларынан тұрғын үй, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, заң құқықтары, денсаулық сақтау мәселелері жөнінде тегін консультативті кеңестер алуда. Кеңес алуға келген 1650 адамның 420-сының сұрақтары оң шешімі тауып, қалған 830-ы психологиялық көмек алса, басқаларының жеке өтініштері бойынша сұрақтары қарастырылған. Жастарды жұмыспен қамту бойынша биыл жастар үшін 4 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтіп, 3 мыңға жуық түсіндіру жұмысы жүргізілді. Қызылорда қаласының жұмыспен қамту орталығы және әлеуметтік бағдарламалар биыл 2 мың жасты тұрақты жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Жыл басынан бері 428 жас «Жастар практикасы» бойынша тәжірибеден өтуде. Қоғамдық жұмыс орындарына 2185 адамды уақытша жұмыспен қамту жоспарланып, бүгінде 2824 адам жұмыс істеуде. Оның ішінде 978-і жастар санатында, – дейді «Жастар рухы» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының консультанты Әсем Қақарманова.
Айта кетейік, бұған қоса «Жастарға жұмыс» партиялық жобасы аясында жұмыс беруші мекемелермен меморандум жасалуда. «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты – партияның сенімді ізбасары. Аталған орталыққа аймақтан 2 мыңнан астам жас топтасқан. «Жастар Рухының» жыл басынан бері жүзеге асырып жатқан жобалары да жетерлік. Мәселен, «Жастар-Отанға! – 2025» бағдарламасы, «Biz Birgemiz», «Жастарға кеңес», «Таза сессия», «Ардагерлерді ардақтайық», «Қауіпсіз қала», «Taza Alem», «Қайсар» әскери-патриоттық жобасы, «Өрлеу», «Таза тіл» жобалары, «Есірткіге жол жоқ!», «Қауіпсіз қала» акциялары, «AMANAT CUP» дебат турнирі және т.б. жобалары аясында жұмыстар жүргізіліп келеді.
– Партия жанындағы жастарды қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес жұмысын жалғастыруда. Кеңес құрамында мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, жастар істері жөніндегі комитет төрағалары, сала мамандарынан құралған 21 жас бар. Кеңес отырысының күн тәртібінде кәсіпкерлік бастаманы несиелеуде облыс жастарына 2,5% жеңілдетілген несие бағдарламасын түсіндіру, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламалары аясында жұмысқа орналасушылар мен түлектерді жұмыспен қамту, бала қауіпсіздігі және жастар арасында нашақорлық мәселесінің алдын алу шаралары бойынша өзекті мәселелер көтеріліп, жауапты мекемелермен бірге жұмыс атқарылуда, – дейді Әсем Қақарманова.
Иә, жастар – елдің болашағы. Ал оларды осы сәтте қалай баулысақ, болашақ та сол бағытта қалыптасары хақ. Ендеше, жастарға еркін мүмкіндіктер алаңын қалыптастыруда жұмыла жүк көтеру керек.

Аян СПАНДИЯР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!