Ақбота Есмұхамбетова – Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық академиялық драма театрының актрисасы. «Нарком Жүргенов» спектаклінде Дәмештің, «Love is…» премьерасында Қымбаттың рөлін сомдап халықтың қошеметіне бөленген актриса өнердің қасиетін ерте жастан ұғынған. Ақбота ниеттің тазалығын басты орынға қойып, шынайы көңілмен басталған әр жұмыстың өз берекесі болатынын айтады.
Актриса бала кезінде дәрігер болуды армандаған. Алайда болашақ өнерпаздың ерекше талантын байқаған ұстаздары Ақботаны әркез түрлі мерекелік іс-шараларға жүргізуші, әнші, биші ретінде қатыстырып, басқа балалардан ерекше көрді. Бұл дәстүр мектеп кезінде де жалғасып, Ақбота білім ордасының маңдай алды, белсенді оқушыларының қатарынан табылды. Болашақ өнер иесі алтыншы сыныпта келешегін тек өнермен байланыстыратынын түсінген. Ол мектеп бітірген соң шығармашылық емтиханды үздік тапсырып, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті атанады. Азамат Сатыбалдының шеберханасында тәлім алып, балалық мақсатына қол жеткізеді. Алайда бастапқы уақытта қызының актриса болуын әкесі құптай қоймаған.
– Қыз баланың актриса болуын көп әке қолдай бермейді. Алматыға оқуға кетіп бара жатқанда, бірінші рет әкемнің көзінен жас көрдім. Әрине, бұл жас әкенің перзентіне деген алаңдаушылығы, болашағына қатысты қорқынышы мен күдігі болса керек. Алайда біраз уақыт өте келе әкем батасын беріп, жолға шығарып салды. Осылайша арман жолында Алматымен қауышып, өнер атты алып шаһарға алғашқы қадамымды жасадым, – деді ол.
Актриса Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдаған соң, туған жеріне қызмет етуді о бастан мақсат еткен. Театрға қабылдамастан бұрын Ақбота қасиетті шаңырақтың аға буын өкілдері мен театр режиссерінің алдынан өтіп, өз өнерін көрсетеді. Келбеті мен таланты келіскен аруды комиссия мүшелері бірден мақұлдап, Ақбота Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының актрисасы атанады.
– Театрға келген соң, алғашқы рөлдерімнің бірі «Нарком Жүргенов» қойылымындағы Дәмештің рөлі болды. Оның образын табу маған кішкене қиындық тудырды. Неге десеңіз, Дәмеш – ақсүйек тұқымынан шыққан, менен бірнеше жас үлкен, күйеуі бар, бір шаңырақтың келіні. Кейіпкердің осы бейнесін табу үшін өзіммен біраз жұмыс істеуге тура келді. Әрине, қыз бала болғаннан кейін отбасылы әйелдің жанын түсіну оңайға соқпады. Ал алғашқы премьераларымның бірі «Love is…» спектаклінде Қымбаттың рөлін сомдау аса қиындық тудырмады. Себебі Қымбат дәл мен секілді студент және жас қыз еді, – деді Ақбота.
Актриса кейіпкердің ішкі хәлін түсіну үшін образ бен өмірдегі Ақботаны салыстырып, өзіне «менің өмірімде қойылымға ұқсас жайттар болса, қандай реакция білдірер едім?» деген сауал қояды екен. Кейіпкердің ішкі хәлінен бөлек, туған жері, жасы, жұмысы сынды мәселелер де маңызды. Осы ақпараттардың бәрін зерттеу арқылы ғана образ сәтті шықпақ.
Өнер адамы үшін халықтың қошеметінен артық сыйлық жоқ. Бұл тұста Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық академиялық театрының 70-ші маусымы көрерменге жол тартатынын да айта кеткен жөн. Жаңа маусымда Ақботаға да бірнеше қойылымнан басты рөл бұйырған. Актрисаның мақсаты – осы рөлдерді абыроймен алып шығып, өнер жолында өз атын қалдыру. Ақботаның алдағы жұмысына сәттілік және шығармашылық табыс тілейміз!
Айғаным ҚОҢЫРБАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!