Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Саяси және әлеуметтік-экономикалық реформа қоғамдық сананың түбегейлі өзгерісіне ұласуы керек. Мен Түркістанда өткен Құрылтайда сөйлеген сөзімде жаңа қоғамдық этика туралы айттым. Алқалы жиыннан соң Құрылтайдың кейбір мүшелері маған өз ұсыныстарын жолдады. Олар елімізде құндылықтар жүйесін қалыптастыру қажеттігіне назар аударуда. Шын мәнінде, мұны өте маңызды бастама деп ойлаймын. Оны жан-жақты талқылап, қарастыруымыз керек, – деді ол.

Мемлекет басшысы осыған дейін Адал азамат ұғымын ұсынғанын айтты. 

Осы орайда жастарымызға арнайы Үндеу жолдағым келеді. Елімізде жүзеге асырылып жатқан әрбір бастама, ең алдымен, Сіздерге арналады. Қазіргі реформалардың игілігін көретін де, елдік істерді жалғастыратын да – сіздер. Бүгінгі жастарды Қазақстанның келбеті деуге болады. Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни, біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Жастар спортпен, дене шынықтырумен айналысуы керек. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады, – деді Президент.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!