Биыл «Қазақстан дауысы» музыкалық жобасы таланттардың танылуына жол ашты. Соның ішінде көрермен ықыласына бөленген қызылордалық Құралай Мейрамбектің орны ерекше. Ол алғашқы айналымда «Қорқыт-қобыз» әнін орындап, шығарманың мазмұнын ашу мақсатында әнге қобыз үнін қосты. Әншінің қабілетіне қазылар алқасы да таңданып, байқау бейнежазбасы желіде кең таралған болатын. Осы аптада Құралай Мейрамбекқызы мен әкесі Мейрамбек Әбдуллаев өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз конференциясында жаңашашыл жоба жайлы ой бөлісті.
Бұл Құралайдың алғаш өнер көрсетуі емес. Бұған дейін ол «Бозторғай» халықаралық фестивалінде бас жүлде иеленсе, «Славян базары» байқауында I орын иегері атанған.
– Өнерге деген ынтам 5 жасымнан оянды. Содан бері ән шырқап, шетелге қазақ өнерін танытуды мақсат еттім. Қазір «Қазақстан дауысы» музыкалық байқауының қатысушысы атануым да – бала арманымның баспалдағы. Жобаның алғашқы кезеңінде «Қорқыт-қобыз» әнін өзгеше бағытта орындап, келесі кезеңге өттім. Бұл әнді таңдауым туып-өскен жерге деген құрметімді көрсетуден туды. Сондықтан мүдірмей орындап шыққандаймын. Қазір келесі кезеңге дайындық жүруде. Жерлестерімнің қолдауының арқасында додада жеңетініме сенімдімін, – деді Құралай Мейрамбекқызы.
Өз кезегінде Құралайды бүлдіршін кезінен әнге баулыған әкесі Мейрамбек Әбдуллаев қызының алдағы жоспарымен бөлісті.
– Құралай қазір үздіксіз дайындық үстінде. «Қазақстан дауысы» жобасына алғаш рет қатысқандықтан қобалжу болуы қалыпты. Дегенмен, көрерменнің қолдауы күш беретіні анық. Болашақта Құралай қазақтың әнін әлемге танытуды армандайды, – деді әншінің әкесі.
Ерсін ШАМШАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!