Режиссер Еренбақ Тойкенов халықаралық «Нано-Опера» жас режиссерлер байқауының іріктеуінен өткен тарихтағы алғашқы қазақстандық атанды. Ол 2 жүзден аса адамның ішінен жүлделі орынға үміткер он қатысушының қатарына кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нано-Опера» байқауы 2013 жылдан бері екі жылда бір өтеді. Жоғары кәсіби қазылар алқасының құрамында көркемдік жетекшілер, жетекші халықаралық опера театрларының директорлары мен режиссерлері, танымал театр менеджерлері мен продюсерлері бар. Ең маңызды марапат – байқаудың бас-жүлдесі – «Геликон-операда» спектакль қоюға, сондай-ақ басқа да опера театрларында қойылымға сертификат алады.

«Музыкалық театрдың режиссерлер байқауы – әлемдік мәдени кеңістіктегі өте сирек жағдай, ал «Нано-Опера» – әлемде бағаланатын үш байқаудың бірі. Іріктеу кезеңінен өту үшін әлемдік классикалық репертуардан опералық спектакль жайлы өзіңнің көрген-түйгендеріңді қағаз күйінде ұсыну керек. Менің таңдауым Дж.Пуччинидің жауһары «Турандот» операсына түсті, себебі хикаяның басты кейіпкері Калаф – ноғай әулетінің өкілі, ал ноғайлар – Қазақстанның этникалық тобы. Бұған дейін Германияда Camerata Nuova байқауына қатысқанымды, сол кезде де 2 жүзден астам үміткердің арасынан ақтық тоғыздыққа енген тарихтағы тұңғыш қазақстандық болғанымды айта кеткім келеді», – деді Еренбақ Тойкенов.

Айта кетейік, байқау қатысушылары «Геликон-опера» театры солистерімен бірге бірінші кезеңде арияның, екінші кезеңде дуэттің, үшінші кезеңде опера солистері және хор әртістерімен көпшілік сахна қойылымдарын орындайды. Сахналық нөмірлерді жасау жұртшылық алдында өтеді.