Елімізде бала мен отбасыға қатысты мәселелер басты назардан түспейтін сұрақтардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің 2024 жылғы 3 қаңтар күні  «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында балалар мен әйелдерге зорлық-зомбылық бойынша бірқатар мәселелерді көтерді.

         Осы бағытта қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру мақсатында еліміз бойынша «Сенімен Болашақ»  республикалық қоғамдық бірлестігі 3 жылдың көлемінде қызмет атқарып келеді.

Бүгін аталмыш Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Тәрбиенің алтын діңгегі – ұлттық құндылықтар» атауымен келелі жиын болып өтті.

Жалпы жиын өткен 2023 жылы «Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облысы филиалының атқарылған жұмыстары мен жаңа 2024 жылғы жоспарларға арналды. Дөңгелек үстелге бірлестіктің аймақтағы жанашыр әріптестері қатысты. Оның ішінде нақтырақ айтсақ: мемлекеттік қызметкерлер, ата-аналар, депутаттар, мәдениет пен денсаулық саласының өкілдері, мектеп директорлары, тәрбие орынбасарлары, педагог-психологтар, кәсіпкерлер, ҮЕҰ-дар, өзге ұлттар, жастар  және БАҚ өкілдері қатынасты.

Дөңгелек үстелдің алғашқы кіріспе сөзін бірлестіктің Сыр өңіріндегі филиал басшысы Шәкизат Қаратайұлы ашып, 2023 жылы атқарылған жұмыстардың жүйелі нәтижелерімен бөлісті. Сонымен қатар бірлестік жанашырларына биылғы 2024 жылы жүзеге асырылғалы отырған «Сенің болашағың» атты пилоттық жобасымен таныстырды.

         Айта кетейік, бірлестіктің Қызылорда облыстық филиалы өңірде белсенді қызмет етіп келеді. Оған дәлел 2023 жылы «Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалы жалпы 217 іс-шара өткізіп, 18 191 ата-анамен отбасы құндылығын насихаттау, буллинг пен кибербуллингтің, ажырасудың, суицидтің, ойынқұмарлық пен бәстігудің алдын алу бойынша жұмыс жасағанын және Сыр өңірі бойынша мүшелікке кірге ата-аналардың саны 2022 жылғы 3 710 ата-анадан 2023 жылы 8 622 ата-анаға өсіп отырғанын хабарлағымыз келеді.

Сонымен қатар, облыстағы ерте жүктіліктің алдын алу бойынша «Тазалық – өмір айнасы» пилоттық жобасын іске асырып, 100 студент пен 100 ата-анаға білікті дәрігерлер, психологтар арнайы тақырыптық дәрістер жүргізді. Аталмыш жоба нәтижесін бағалауда бүгінгі жиынға арнайы келіп, пікір білдірген қатысушылардың қанағаттануы мен білім деңгейлерінің артқанынан ақ  жобаның тиімді болғанын айтуға болады. 

         Бірлестіктің қоғамда ағартушылық бағыттағы жұмыстары да орасан зор. Атап айтсақ, 2023 жылдың мамыр айында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 5 томдық таңдамалы жинағын басып шығарып, еліміз бойынша 40 мекемеге, оның ішінде Қызылорда облысы бойынша 2 университет, 3 колледж, 5 мектеп, 5 мешіт пен 4 кітапханаға тегін үлестірілген.

Шара қатысушылары бірлестіктің алдағы жұмыстары мен бастамаларына сәттілік тілеп, қоғамда саналы ата-ананың моделін қалыптастыруда бірлесе жұмыстарды атқаратындықтарын жеткізіп, ұсыныс-пікірлерін айтты.

Өскелең ұрпақтың бойына бабалар аманатын сіңіру мақсатындағы өзектес шараларды  «Сенімен болашақ» РҚБ алдағы уақытта да жалғастыратын болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!