Көгілдір экраннан көрсетілетін түрлі тележобаның өз көрермені бар. Көптің көңілінен шыққан татымды хабардың тарихы да терең болатыны сөзсіз. Таланттың тауы шағылмай, өнері өрге жүзуін тілейтін «Таңшолпан» телевизиялық байқауы соның дәлелі. Сыңғыр үн мен қоңыр дауыс иелері сынға түсіп, әлемді әнге бөлейтін қабілетін көрсетеді. Көрерменнің құрметі мен қошеметіне ие болған талай таланттың тыңдарманы да көп. Яғни, байқаудан бағы ашылғандар үлкен сахнада өнер көрсетіп жүр.

Биыл Қызылорда телеарнасының төл жобасы «Таңшолпан» жасөспірім­дердің облыстық эстрадалық телебайқауына – 30 жыл. Осыған орай облыс орталығында гала концерт ұйымдасты­рылды. Халық көкейі талғампаз екенін ескерсек, көптің құлақ құрышын қандырған өнерпаздар әуезді әнін орындады. Әр жылдары жеңіс тұғырынан көрінген байқау жеңім­паздары өнерін паш етті. «Таңшолпан­ның» түлектері Бибігүл Жанұзақ, Гүлнұр Оразымбетова, Тахауи Рахметов, Гүлхан Сіргебаева, Алмас Кішкенбаев, Ербол Шарипов, Нұрболат Сейітмұратов, Руслан Садықов әннен шашу шашты. Сондай-ақ жастарға арналған жарқын бастаманың басы-қасында жүріп, күні-түні тынымсыз еңбек етіп, жүйелі жүзеге асуына мұрындық болған азаматтарға құрмет көрсетілді.
Жанбай жатып өшетін жобалар жоқ емес. Ал «Таңшолпанның» өміршеңдігі қанша жасты өнерімен өрге сүйреді. Бұл – отыз жылдық олжа, ерен еңбектің жемісі.

Замира ДАСТАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!