Жыл санап жаңарып, күн санап көркейіп келе жатқан Алаштың Ақмешіті биылғы мерейтойын да толайым табыстармен тойлады. Тарих төрінде халқымыздың қастерлі «қазақ» атын қайтарған алғашқы астананың заманауи кейіпке еніп, көркіне көрік қосқанын көріп, кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Қазақтың «Қос тойың қабат, екі дүниең абат болсын» деген ақжолтай тілегі қабыл болғандай. Мереке тұсында облыс орталығында бірнеше маңызды нысандар ашылды. Олардың қатарында «Анаға тағзым» орталығы, неке сарайы және жаңа кейіпке енген аулалар бар.

«Анаға тағзым» – аналарға құрмет

Орталықты облыстың 85 жылдығына тарту деп бағамдауға әбден болады. Алтын құрсақ аналардың құрметіне салынған нысан елге белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен 1,7 млрд теңге қаржыға салынған. Орталықтың ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев меценатқа алғыс айтып, аймақ халқын мерекемен құттықтады. Кәсіпкер облыстың «Құрмет грамотасымен» марапатталып, компания қызметкерлері де алғысқа бөленді.
«Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөзі бүгін де мәнін жоғалтқан жоқ. Кезінде Социалистік Еңбек Ері атанған 12 ақ жаулықты анамыз шыққан біздің киелі өңірде қажырлы еңбегімен ел ықыласына бөленіп жүрген олардың ізбасарлары да жетерлік. Алдағы уақытта осы ғимаратта өткенге құрмет көрсетіліп, ұлттық құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүріміз насихатталады», – деді Н.Нәлібаев.
Салтанатты шараға еңбек ардагерлері Дайрабай Ысқақов, Алма Бақтиярова, Әзия Қыстаубаева, Темірбек Жүргенов қорының төрағасы Сәпен Аңсат қатысып, ыстық ықыласын білдірді.
Естеріңізде болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы өркендетуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін тағы бір бағыт – креативті индустрияны жан-жақты дамытуды жүктеді. Президент тапсырмасына сәйкес, «Анаға тағзым» орталығы ғимаратынан «Әйелдердің креативті индустрия орталығы» жұмысын бастайды. Қолынан іс келетін, жаңаша ұлттық брендтерді ойлап тауып, экспорт дамуына үлес қосатын жерлестерді бір жерге шоғырландырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да жағдай жасалмақ. Мұнан бөлек, ғимаратта «Мирас» әжелер клубы, «Ұлт жақұты» музей залы, «Бойтұмар» қыздар клубы, «Сырғалым» сырласу клубы, «Жас отау» жас отбасылар мектебі, «Ана тілі» дебат клубы құрылды.

«Неке сарайы» – бақ пен берекенің бастауы

Аймақтың 85 жылдық мерейтойына тартудың тағы бірі – неке сарайы. Жаңа өмірге қол ұстасып, қадам басқан жастар енді жаңа сарайда салтанат құрып, бақыт әлеміне бағыт алмақ.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халқымыз қай заманда да отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген» деген болатын. Бұл орталықты іске қосудың әлеуметтік маңызы өте зор. Жыл сайын Сыр өңірінде мерейлі отбасылар саны артып келеді. Биыл «Отбасы күні» қарсаңында Астана төрінде 10-шы рет өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсында жерлесіміз, ғасыр жасаған қазалылық майдангер, қазыналы қарт Қабақ Смағұловтың әулеті лауреат атанды. Сыр жерінде отбасы құндылықтарын берік ұстаған өнегелі әулет біздің мақтанышымыз. Неке сарайы ғимаратын аша отырып, бұл дәстүрді одан әрі дәріптейтін боламыз. Орталықта қалыптасқан қағидаға сәйкес «қазақы қарашаңырақ» идеологиясы дәріптеліп, рухани кемелденген жаңа буын қалыптастыруға жағдай жасалады», – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Нұрлыбек Машбекұлы Неке сарайы ғимаратын сапалы салып, мерзімінде тапсырған «Авангард» ЖШС басшысы Расул Ысқақовқа Қызылорда облысының «Құрмет грамотасын» табыстап, компания қызметкерлеріне алғысын жолдады. Мұнан бөлек, Сұлтан Бейбарыс көшесі бойындағы аллеяны салған «Техоснастка» мекемесі мен облыс көлемінде ауқымды жол құрылыстарымен айналысып келе жатқан «УАД» компаниясының басшылары мен қызметкерлері де марапат төрінен көрінді.
Айта кетейік, жаңа нысан неке қиюды ғана емес, жастардың жұбайлық өмірге бейімделуіне, денсаулығын сақтауына, жұмыспен қамтылуына, тұрғын үйге кезекке тұруына, ұлттық салт-дәстүрді сіңіруіне жәрдемдеседі. Мұнда Жастар денсаулығы, «Отбасы» банкі, «Бақытты отбасы» жұмыспен қамту орталығы келушілерге қызмет көрсетеді.
Бүгінде облыста 141 мыңнан аса отбасы болса, оның 48 мыңнан астамы – көпбалалы аналар, 17 мыңға жуығы – «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегері.

Жаңарған аула – жайнаған көңіл

Қала күні мерекесі қарсаңында жаңа кейіпке еніп, жайнаған аулалар да пайдалануға берілді. Қайта жаңғыртудан өткен Абай даңғылы №47 үйдің ауласында жұртшылықты мерекемен құттықтаған облыс әкімі «Туған жерді түлетейік» бастамасына белсенді атсалысқан кәсіпкерлерге алғыс білдірді.
«Аймақтың бас шаһарында тұрғындардың мақтаныш сезімін оятып, көз қуанышына айналатын бірнеше ірі жоба жүзеге асты. Қалаға сән берген әсем ғимараттар, көз тартар көркем аллеялар мерейтойға арнап тарту етілуде. Жұрттың бәрі өз үйінің жайлы әрі әдемі болғанын қалайды. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға да дәл сондай жанашыр көзбен қарауға тиіс. Туған жерімізді, туған қаламызды бірге түлетейік!», – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, аулаларды жаңартуға демеуші болған «Қыран» компаниясы мен оның басшысы, кәсіпкер Жайсаң Сыздықов «Құрмет грамотасымен», күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген мекемелердің қызметкерлері алғыс хатпен марапатталды.
Облыс орталығында мұнан бөлек те құрылысы қарқынды жүріп жатқан нысан жетерлік. Қаланың кіреберіс қақпалары да кісі көңілін қуантарлықтай күйде. Орталық көшелердің бірі Бейбарыс сұлтан көшесі де адам танымастай өзгерді.
Жайнай бер, Қызылорда!


Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!