Бүгін жасы небәрі алтыда болса да, ақылды, жан-жақты дарынымен көзге түскен Дияр жайлы айтпақпыз. Сіз оның түсірген бейнежазбасын көрсеңіз ғой?! Таң ата ерте тұрып, жүгіре жөнелетін ауыл баласының алма теріп, шөп оруы, әжесінің айранын ұрттай сала мектепке асығуы сүйсінтпей қоймайды. Осындай әдемі көріністен соң болашақта актер болғысы келетін Дияр Аманжолұлы жайлы мұғалімі Сандуғаш Маралбекқызынан сұрап білдік.
Дияр қазір Сырдария ауданы, Жетікөл ауылындағы №174 орта мектебінің мектепалды даярлық тобында білім алады. Сынып жетекшісінің айтуынша, Дияр ‒ өте белсенді бала. Бес жасынан бастап әлеуметтік желілерді пайдаланып, аға-әпкесінің көмегімен бейнежазба түсіре бастаған.
‒ Бірде «Менің атым Қожа» фильмінің сюжетімен бейнежазба жасағанбыз. Сонда Дияр қазіргі заманның Қожасын сомдайды. Шағын ғана түсірілімде баланың бір күндік өмірі, бос уақытында немен айналысатыны толық көрсетілген. Жаннұр есімді сіңіліме «осындай дарынды оқушым бар» деген едім, ол қолдау көрсетіп, арнайы мобилограф шақырып әдемі сәттің көпшілікке таралуына көмектесті, ‒ дейді Сандуғаш Маралбекқызы.
Ұстазының айтуынша, Дияр актер болуды армандайды. Алғырлығы мен талантын байқаған мұғалім баланың өнері толық ашылу үшін жарыстарға қатыстыруды жөн көрген. Ал Диярдың ата-анасы Аманжол Кемелов пен Айнұр Аяпбергенова қашанда ұлдарын қолдауға әзір. Үлкен шаңырақта әже тәрбиесін көрген ұлдың талабына біз де бармақтай бақ тіледік.
‒ Мектепке алғаш келгенде Диярдың тынымсыз болса да, тартымды қылықтары бар, актерлыққа бір табан жақындығын байқадым. Тәртібін жөндеймін деп баланы басып тастамадым. Керісінше ұрыспай, қайта сол баланың ашықтығы мен сабақта шулап отыратын қасиетін өзгелерден артықшылығы деп ұқтым. Диярдың осы жолы түсірген бейнежазбасын облыстық «Сыр дарыны» ұйымдастырған конкурсқа жолдаған едік. Білім мен өнерді сүйген алғыр оқушымның талабына сенемін, ‒ дейді ұстазы.
Г.Нұртайқызы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!