Әділбек Сапаров, фильм авторы:

Мамыр айынан бастап кинотеатрлардан «Джохан» фильмі көрерменге жол тартты. Отандық кинотуынды белгілі әзілкеш Жахан Отарғалиевтің өміріне негізделген. Көрермен сұранысына ие болған фильмнің авторы – жерлесіміз Әділбек Сапаров. Әділбектің шығармашы­лығы­нан шарықтаған фильм бүгінде 500 мыңға жуық көрермен жинаған. Бұл көрсеткіш Marvel ұсынған фильмдердің қаралымынан баса озған. Сонымен, көрермен көзайымына айналған киноның жай-жапсарын ақтарып көрсек.

– Әділбек, қалың көрерменге жол тартқан «Джохан» киноиндустриядағы алғашқы үлкен жобаңыз деп естідік…

– Киноиндустриядағы алғашқы жобам деуге келіңкіремейді. Өйткені мұның алдында бірнеше кинолардың басы-қасынан табылдық. Мысалы, карантин уақытында Salem Social Media компаниясының бастамасымен YouTube және AiTube-тан «Pizнесмен Қанат» сериалын ұсындық. Сол жоба кино жазудағы  баспалдағым деуге болады. Ал «Джохан» кинотеатрдан ұсынылған  Жаханның да, менің де алғашқы жобам. Сондықтан уайым болды. Фильмнің ұзақтығы алғашқыда 2 сағат 50 минут болып кеткен. Алайда соңында оны 1 сағат 40 минутқа дейін қысқартуға тура келді.

– Идея қайдан туды?

– Фильм­нің негізгі идеясының авторы – оралдық жігіт. Жастар жағы жақсы біледі. Оралда «Грант» жайдарман тобы бар. Сол топтың мүшесі Серғазы деген бауырымыз идеяны ұсынды. Соны дамытып, киноның продюсері әрі басты рөлін сомдайтын Жаханға көрсеттік. Туынды ұнап, бірден түсірілімге дайындық жұмыстары басталып кетті.

– Сце­нарийдің жазылу барысы қалай болды? Қанша уақыт жұмсадыңыздар?

– Ұстазым Абдусаид Төлегеновпен бірге жазып шықтық.  Көп уақыт жоғалтқанымыз жоқ. Бастысы, идеясы орнықты болды. Отбасылық кино болғандықтан  тақырып та ауқымды, бір жағынан авторларға жеңіл бола түсті.

Әр образды сомдаған актерлер мен актрисалар рөлін ойдағыдай алып шықты ма?

– «Джохан» біздің туынды болғаннан кейін соңына дейін уайымдадық. Кино авторлары өз туындыларын әрдайым жақсы болса екен деген мақсатпен жүреді. Тек кастинг жұмыстарына қатыспадым. Киноға кім түседі, кім түспейді деген сұрақтардың жауабын Жахан мен режиссер Әнуар Матжанов шешті. Кастингте екеуі бірге анықтады. Қателеспесем алғашында Жаханның келіншегінің рөлін басқа актриса сомдайтын болған. Бірақ Әнуардың  таңдауы бойынша ол рөл Сабиркинге (Сабира) бұйырды. Менің ойымша барлығы оңтайлы шешім тапқан секілді. Мысалы, әлеуметтік желіде танымал Сабира киноға алғаш рет түссе де өзінің образын жақсы алып шықты. Кәсіби актрисалардан кем түспеді. Халықтың ықыласына бөленді. Жалпы «Джохан» арқылы көбісі кинодағы алғашқы тұсауын кесіп, мол тәжірибе жинады.

– Көрерменнің бағасы қалай?

– Халықтың киноға деген  бағасын статистикадан  байқауға болады. Кинотеатрларда фильмге деген сұраныс жоғары. Marvel-дың киноларын басып озды. Егер «Джохан» көрерменге ұнамаса, өкінішке қарай  статистика да соған сай болар еді.

Әңгімелескен

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!