Қазір ауданымыз қиын кезеңді өткеруде. Табиғаттың тосын мінезінен болған қуаңшылық жағдайынан шаруалар зардап шегуде. Бұл мәселеге байланысты өңірімізде төтенше жағдай жарияланып, тиісті жұмыстар жасалуда.

Бұл қиындықты еңгеруге атсалысу мақсатында ерікті жастар қолғабыс жасау шараларына білек сыбана кірісті. Белсенді жастардан құралған еріктілер жасағы «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген ұранмен алдымен Жетес би, Қаратерең ауылдық округтерінің шабындықтарындағы шөп ору науқанына қатысты. Өңірдегі жағдайға бей-жай қарамаған аудан жастары өздерінің көмектерін сөзбен емес нақты іспен көрсетуде.

Біздегі жағдайға жанашырлық танытқан облыстағы басқа аудан еріктілері шөп орымына қатысып, өңірімізге жөнелтуге атсалысуда. Олардың алғашқы легі күні кеше Жалағаш ауданынан келді. Арнайы жүк көлігімен жеткізілген мал азығын Аралқұм ауылынан қабылдап, жергілікті халыққа үлестіру жұмыстарында да еріктілер жасағы белсенділік танытты. Өз кезегінде тұрғындар да өздерінің ризашылығын білдіріп, баталарын беруде.

Ауданда жарияланған төтенше жағдайға байланысты алдағы уақытта әлі қыруар жұмыстар атқарылады. Соған сәйкес аудан еріктілері тұрғандарға көмек қолын созып, игілікті шараларын жалғастыра бермек. Осындай күрделі кезеңді бірлескен іс-әрекеттерімізбен еңсереміз деген сенімдемін.

Ержан Сабырбай,

Jas Otan ЖҚ Арал аудандық бөлімше басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!