Алматыдағы «Алтын орда» базарының бір топ саудагері ереуілге шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Саудагерлердің айтуынша, базар әкімшілігі бұрыннан тұрған шатырлардың орнына жаңа дүңгіршектер салмақшы. Сауда нүктесінен айырылғысы келмейтіндер жеті миллион төлеңдер деп талап қойғанын айтады.

Ал базар басшылығы мұнымен келіспей отыр. Саудагерлердің тұрған жері заңсыз, үш метр ары жылжытамыз дейді.

“Шын ба, өтірік пе деп, басшылыққа бардық. «Сатылып жатыр, қалғаны болса аласыңдар, қалмаған болса, кете беріңдер» деді. Бірақ менің басымда 7 миллион жоқ. Жағдайымызды түсінгісі жоқ. Осы жерде тұра беріңдер деген, үшінші павильон біткенше. Осы бастықтар келгенде де «тұра беріңдер» деген. Біз бұл жерді ешкімге сатпаймыз деген сияқты”, – дейді саудагер Жанар Қалымбетова.

«Базар басшылығы базынамызға құлақ аспақ түгілі, бірде-бір рет тілдеспеді» деген саудагерлер директор отырған ғимаратқа барды. Не ішке кіргізбеді, не директордың өзі сыртқа шықпады. Көмекшілері «басқа жақта жүр» деп, әңгімені жылы жапқысы келгенмен, саудагерлердің көпке дейін көңілі көншімеді.

Жанайқайын жеткізген саудагерлерге директордың орынбасары шықты. Айтуынша, жол жиегінде олар тұрған жер әкімшіліктің қарауында. Заңға сәйкес үш метр бері жылжытып, орын ұсынамыз дейді. Кейін шатырдың орнына дүңгіршек орнатамыз деген жоспарымен бөлісті.

“Фирмаларға өтініш бергенбіз. Сол кісілердің смета бағасын шығарып берген. Жеті миллионға дегенде, қазір бәрі арзан емес, материалдарының бәрі сондай. Өз материалдарына бізге өтініш берген. Ол бойынша біздің фирмалар сол жерге салып береді”, – деді «Алтын орда» базары директорының орынбасары Қанат Кенжебайұлы.

Саудагерлер жаңа павильонның құрылысы аяқталғанша, өз орнымызда қалсақ деген базынасын да айтып қалды. Базар басшылығымен қандай мәмілеге келетіні әзірге белгісіз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!