Қазақ ер-азаматты шаңырақтың иесі санаса, әйелді отбасының алтын қазығы деп құрметтеген. Ал отбасы ұғымы ер мен әйелдің бірлескен одағынан туады. Қай қоғамда да отбасы мемлекеттің негізгі бөлшегі. Басты қозғаушы күші. Оның әлеуметтік жағдайы, тыныштығы, берекесі мен ұрпаққа берер тәрбиесі – қоғам алдындағы негізгі мәселелердің бірі.

Қазақ қай заманда да әйелді отбасының ұйытқысы санап, берекесі деп білген. Себебі ұлтты тәрбиелейтін осы қыз-келіншектеріміз. Бірақ олардың ішкі қажеттілігі мен жан дүниесінің қалауына ер-азаматтар қарсы келіп жатады. «Әйелдің орны ошақ қасы» деген сынды рухани кедергілер әлі де бар. Отбасындағы теңдік бірінші сол әулеттегі әйелге көрсетілетін құрмет, сыйластықтан басталуы тиіс. Әттеген-айы, көптеген отбасында әйелдің көзқарасымен, ойымен санаспайды. Ер-азаматтар тарапынан психологиялық зәбір көретін келіншектердің саны да баршылық. Тіпті кейбір отбасыда әйелін тек туыс-туғанымен ғана араластыратын жағдайлар кездеседі. Ойын айтуға тыйым салып, орнын көрсетумен келе жатқан азаматтар да, өкінішке қарай бар.
Одан кейінгі ең өзекті мәселе, тапқан табысын әйелінің қолына ұстатпауы. Бұл да отбасындағы түрлі ұрыс-керістің негізгі себебі. Әйелді кемсітудің бір түрі. Ақша кімде болса, билік те соның қолында деген шала қағиданы ұстанады. Соның салдарынан ажырасып жатқан жастар да жетерлік. Ғасырлар бойы үйдің асыраушысы – ер адам, ал ерінің тауып әкелгенін ұқсатып, іске асырушы, жаратушы – әйел адам деген түсінік қалыптасты. «Ер адам – түздікі, әйел адам – үйдікі» деген сөз соның айғағы.
Отбасындағы берекенің орнауы, рухани теңдіктің көрініс табуы әйел мен ердің ғана емес, ұрпақтың тәрбиесіне де оң әсер етеді. «Бір жылын ойлаған ел бидай, он жылын ойлаған ел жеміс ағашын, мәңгілігін ойлаған ел ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді» деген халық даналығы бар. Ал ізгілік отбасынан басталады. Отбасындағы мейірім, шаттық, жылылықты бойына сіңірген баланың болашағы жарқын, еліне берері мол болмақ. Ғабит Мүсірепов айтқандай, «Қазақ әйелі аз ғана жәрдем бергеніңді ұмытпайды, тез еселеп қайтаруға тырысады». Әйелге көрсетілген қолдау, күллі қоғамды өзгертуге септігін тигізері анық.

Фото: ken-zhyloi.kz

Ғазиза ТӨЛЕУҒАЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!