Аядай ғана бөлмеде пернетақта дауысынан басқа ойыңды бөлер ешнәрсе жоқ. Бәрі өз орнында. Төрт бірдей қазақтың қаракөзі мониторға үңіліп, әрбірі өз ісімен айналысып отыр. Құлаққа ұрған танадай тыныштық болып көрінгенімен осы көріністің арғы жағында аймақты тың әрі шынайы, нақты ақпаратпен қамтамасыз етіп отырған алып жұмысты саланың ішіне тереңінен сүңгігендер ғана көре алады. Сыртынан қарасаңыз, жай ғана күнделікті тыныс-тіршілік іспеттес.
Осыдан тұп-тура он бес жыл бұрын оқырманға алғашқы қадамын бастаған «Kyzylorda news» интернет газеті бүгінде толыққанды ақпараттық агенттік ретінде жұмысын жалғастырып келеді.
– Бүгінде ақпараттық агенттік өз биігінде келеді. Сайт айына 64 мыңнан астам келушіні қабылдайды. Жаңалықтар мемлекеттік және орыс тілдерінде жарияланады, сондықтан келушілердің басым бөлігі Қазақстан мен Ресейден келеді. Аптасына 85, кейде 100-ге жуық материал жарияланады.
Әуел бастан интернет-басылымның қалыптасып, жұмысының алға басуына алғашқы редактор Елібай Зұлхарнайұлының мол еңбегі сіңді. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, елді тың ақпаратпен қамтамасыз етуде алғашқы кезде қаншалықты қиын болғаны мәлім. Одан бері де әрбір редактор өзінің қолтаңбасын қалдыруға тырысты. Он бес жыл уақыт ішінде алғашқы ашылған интернет газет едәуір алға жылжыды. Дизайн, оқырман тартудан бөлек, біз қазір ақпараттық агенттік жанынан арнаулы студия ашып, білікті мамандармен жұмыс істеп жатырмыз. Ақпараттық агенттік қазір аудио, видео материалдармен толығып, аймақтағы ақпараттарды жан-жақты үлгіде беруді дәстүрге айналдырды. Қоғам үдерісімен бірге дамып келе жатқан агенттіктің он бес жылдағы жетістігі бір атанға жүк болардай, – дейді «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев.
2011 жылдың 5 мамыры еді… Иә, бұл ақпараттық агенттіктің тарихы сол уақыттан бастау алады. Алғашқыда Қызылорда облыстық интернет газеті болып ашылды. Кейіннен ақпараттық агенттікке айналып, «Сыр Медиа» ЖШС құрамына енді. Бұл енді әңгімеміздің әлқиссасы болсын.

БІР ІЗГЕ ТҮСУ ОҢАЙ БОЛМАДЫ
Сыр журналистикасында елеулі орны бар Елібай Жікібаев өңірдегі тұңғыш интернет газеттің алғашқы редакторы болды. Соңына өшпес із қалдыра білген ағеден жанның өмірден өткеніне биыл 10 жыл толады. Міне, қай нәрсенің болса да әуелгі аяқалысы мен бастамасы қиын болатыны анық. Оның үстіне, цифрлық Қазақстанның енді ғана қалыптаса бастаған сәті. Сандық технологияның жаңа қадамдарымен бірге оқырманға жол ашқан ақпараттық агенттіктің тілін демде меңгеріп алу мамандарға оңай соққан жоқ. Күштің басым бөлігі сайт операторына түсетіні беседен белгілі. Ол қызметті Насредин Бахманов мойынға алған еді…
– Алғашқы кезде ақпараттарды сайтқа орналастыру жұмысын игердік. Ол кезде бүгінгідей бір батырманы баса салу жоқ, ақпарат жариялау үшін бағдарламалау тілін меңгеру талап етілетін. Интернет газетте тек Қызылорда облысына қатысты жаңалық жариялап отырдық. Күніне екі тілде 15 ақпарат жариялау тапсырылды. Алғашқы күндері осынша ақпарат табу қиын болғанымен Елібай Зұлқарнайұлының іскерлігінің арқасында облыстық мекемелердің баспасөз қызметімен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Ең бастысы, оқырманға жаңалықты дер кезінде жеткізіп отырдық, – дейді Насраддин Бахманов.
Ұжым демде күш жинап, жаңа технологияны жата-жастана меңгеруге көшті. Жүйрік уақыттың жалына жармасып, ақпарат майданында күн сайын тың әдісті ойлап табуға тырысты. Ал сайтты кез келген адам ашқанда оңай түсіне алатын халықтың сайты деңгейіне жеткізіп, жан-жақтылықты көздеді. Оқырманмен кері байланысатын «Бізге жаңалық жіберіңіз» атты бөлім де жұмыс істеп, талай жан осы бөлімге тұрақты хабарласатын еді…
– Уақыт өте келе сайтқа ақпарат салу жұмысын жеңілдеттік. Бұрынғыдай тек оператор ғана емес, әр тілші сайтқа өзі әзірлеген ақпаратты дер кезінде салуды үйренді. Сондай-ақ интернет газетте журналистер аптасына бір сұхбат, бір сараптамалық мақала жазуға міндетті болды. Бұл тілшілерге қиын болған жоқ. Сайтқа күніне жариялануы тиіс деген 15 ақпараттың санын 18-ге, одан кейін 20-ға жеткіздік. Осылайша, «Қызылорда облысының интернет газеті» деген атымызға сай болу үшін еңбек еттік, – дейді Насреддин Қайназарұлы.

Елібай Зұлқарнайұлы бастаған ұжымның құрамында бас редактордың орынбасары Нағымжан Сауяев, журналистер Гүлнар Құлмұратова, Алмат Кенжебеков, Гүлназ Бисен, оператор Насреддин Бахмановтар болды. Одан бері де мұнда бірнеше толқын еңбек етті. Ал 2012-2013 жылдары интернет газетке Назерке Саниязова, Шынар Бекбан, Гүләйім Тәжиева, Ақнұр Жағыпарова, Қанатбек Маханов секілді журналистер жұмысқа қабылданды. Мұнан бөлек, Мұқағали Қаршыға, Фариза Омарова, Динара Махановалар да түрлі тақырыпта қалам тербеп, ақпараттық агенттіктің жұмысын ширата түсті. Жаңа медианың осындай жаңашылдықтарын игеруде, мультимедиялық мүмкіндіктерді агенттік веб-сайтында жүзеге асыруда серіктестіктің сайт администраторы Бақытжан Салмұрзаның еңбегі зор болды. Кәсіби маман Бақытжан Қуатбайұлы порталдың жаңа дизайнынан бастап, көптеген медиа-блогтар мен бөлімдердің еш кедергісіз жұмыс жасауына мүмкіндік туғызды.
Ақпараттық агенттікте әр жылдары Дәурен Омаров, Нұрсұлтан Мықтыбай, Дәуіржан Елубаев, Мұрат Ақынұлы, Мөлдір Снадинова, Әзиз Батырбековтер басшылық жасады. Бас редактордың орынбасары қызметін атқарғандар қатарында Әлібек Байшүленов, Жәнібек Исаевтар бар.
– 2018 жылдың 19 ақпанында «Сыр Медиа» ЖШС бас директорының бұйрығымен облыстық «Кызылординские вести» газетінен «Kyzylorda-news.kz» ақпараттық агенттігіне бас редактордың орынбасары болып ауыстым. Маған сеніп берілген аумақ – орыс тілінде жаңалықтар дайындау. Накеңнің (Насредин Бахманов) айтуымен сайтпен қалай жұмыс істеу керегін әп-сәтте үйреніп алдым. Жұмыс, бәрі уақытпен: жаңалық дайындау да, оларды ақпараттық кеңістікке орналастыру да, тіпті «перекур» да. Арасында медиа-есепті күнделікті орындап отыру да қажет.
Тек қана мемлекеттік тапсырмамен шектеліп қалған жоқпыз. Әр түрлі бағыттағы айдарларға қалам тербеп, аймақта, елімізде резонанс тудырған жаңалықтарымыз да болды. Соның бірі – 90 жастағы Польша азаматының қазақстандық отбасын іздегені туралы. «Facebook»-тағы достығымдағы поляк әйелімен қысқаша сұхбаттан соң ол жаңалықты ертесіне отандық, тіпті Ресейдің баспасөз құралдары жарыса жазды, арнайылап Польшаға да барды. Интернеттің ғаламат күші қайда жатыр десеңші… Еңбек кітапшама қарасам, «Kyzylorda-news.kz» агенттігінде азды-көпті екі жыл қызмет етіппін. Қуанышқа, жаңа эмоцияға толы 2 жыл мәңгілік есімде қалады. Жаңа белестеріңіз құтты болсын, әріптестер! – деді Жәнібек Исаев.

БҰРЫННАН – БҮГІНГЕ
Ақпараттық агенттіктің тізгінін 2025 жылдың қазан айынан бері Айжан Абдуллаева ұстап келеді. Айжан Жұмабекқызы журналистикадағы мол тәжірибесі мен білімін сайт жұмысын жетілдіруге, мақалалардың мазмұнын арттыруға жұмсап жүр. Әсіресе, агенттіктің әлеуметтік желідегі парақшалары күн сайын қызықты видеолармен толығуда. Бұл реттегі ұжымның еңбегі орасан зор екенін ерекше атап өткен жөн.

Аида МАРАТБЕКҚЫЗЫ, ақпараттық агенттіктің тілшісі:
САЙТҚА КЕЛІП, «ПАПАМДЫ» ТАПТЫМ
Алғаш рет 2018 жылы жұмысқа келгенімде мені бас редактордың орынбасары Жәнібек Исаев қарсы алды. Жұмыс барысын толық түсіндіріп, алғашқы күннен-ақ кірісе беруіме болатынын айтты. Ерекше қызығушылықпен келгеннен кейін жаңа орта мен жұмыс процесі бұл салаға тез бейімделуге мүмкіндік берді.
Ұжымға тез сіңісіп, қызметтік міндеттерді де жылдам меңгеріп кеттім. Себебі көбі қатарластарым болды. Сайттағы үлкендерден бастап, кішілерге дейін қолұшын созып, білмегенімді үйретті. Маған берген жылулықты сезінгенімнен болар, барлығы мен үшін ең жақын адамдарыма айналды. Әсіресе, Жәнібек ағайдың ақыл-кеңесі жұмыс істеуде көп көмегін тигізді. Ағайды жақын тартқаным соншалық, кезекті бір тапсырмадан соң, кеңес сұрау үшін ағайға «папа» деп айтып қалдым. Кабинетте отырғандардың бәрі ду күлді. Ағай да еш саспастан «ау, қызым» дегенде, ұялғаннан қызарған бетімнің дуылы басылды. Сол оқиғадан кейін Жәнібек ағай менің жұмыстағы әкем, мен оның қызы болып кеттім. Бұл оқиғаны әлі күнге ерекше жылулықпен еске аламын.
Осы салада еңбек етіп келе жатқаныма 8 жылдан астам уақыт өтті. Бұл жылдарда қызықты сәттер аз болған жоқ. Ұжымдағы қыздармен түскі ас кезінде басқа қалаға бір күндік сапар ұйымдастырып, жұмыстан соң жолға шығып кеткен сәт те болған. Іссапардан келе жатқан әріптесімізді таңғы 6-дағы пойыздан күтіп алып, тосынсый да жасадық. Айта берсек, қызық көп. Осындай сәттер ұжымдағы сыйластық пен бірлікті одан әрі нығайта түсті. Қазір сол уақыттағы ұжымдастарым басқа қалаларда еңбек етіп жатыр. Арамыз мыңдаған шақырымға алшақтағанымен қарым-қатынасымыз, бір-бірімізге сыйластығымыз бұрынғыдан артпаса, кеміген жоқ. Кейде ұжым арасында қалжыңдап, өзімді «алтын құрамнан қалған жалғыз маманмын» деп айтып қоямын.

Айдос МЫРЗАЛЫ, СММ-редактор:
ҚАЗАҚ ТІЛДІ КОНТЕНТТІ АРТТЫРУДА ЕҢБЕК ЕТЕМІЗ
Зерттеп қарасам, жыл сайын қазақ тілінің қолданыс аясы артып келеді. Әсіресе, жастардың арасында. 2022 жылы Қазақстанда тіл саясаты мәселелері бойынша әлеуметтік және аналитикалық зерттеу жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша халықтың 92%-ы мемлекеттік тілді меңгерген екен. Әсіресе, кейінгі жылдары қазақ тілінде IT, қаржылық сектор, биржа, мәдениет-өнер мен жұлдыздар өмірі, дизайн, ғылым сияқты тақырыптардағы контентке қызығушылық артып отыр. Осы үдеріске бейімделген БАҚ пен әлеуметтік желідегі белсенді азаматтар, яғни, басқаша айтқанда блогерлер қазақ тілінде тиімді әрі қызықты контент ұсына бастады. Әрине, ол контенттің басым бөлігін жастар қолданады.
Сондықтан сараптай отырып, мекеме тарапынан көрсетілген қолдауды толықтай пайдалана отырып, жаңа әрі сапалы контентке қызмет етсек деген мақсат бар. Әрине, бастапқыда оңай болмады. Оқырманның, көрерменнің сұранысын саралап көрдік. Одан әрі, бірнеше жобаны пилоттық режимде жүзеге асырған уақыт та болды. Қазір бәрі бір ізге қойылды.

Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА, ақпараттық агенттіктің тілшісі:
ГАЗЕТТЕН САЙТҚА АУЫСУ ОҢАЙ БОЛМАДЫ
– Біршама жыл газетте жұмыс істедім. Газеттен сайтқа ауысу оңай болмады. «Бір мекеменің іші, бір кабинеттен екінші кабинетке ауысқаннан ерекшелік жоқ шығар» дегендер де болды. Бірақ екеуі екі бөлек. Газет жұмысы белгілі, апта сайын шығатын нөмірге дайындық, материал әзірлеу. Газеттің қатесін салу, кезекшілікті абыроймен атқарып шығу. Ал сайт ол мүлде бөлек. Сырт көзге қарағанда жұмысы аз болып көрінеді. Десе де уақытпен санаспайды. Газетке берілген тақырыпты сайтқа сала алмайсың. Тақырыптың өзінде ерекшелік болу керек. Кеш болсын, түн болсын сайтқа салынуы тиіс жаңалықты сол сәтте жариялауың керек. Одан қалды елде болып жатқан жағдайлармен де оқырмандарды хабардар етіп отырасың. Бастысы, әріптестердің ауызбіршілігі қуантады. Күнде бір жұмыс қайталанбайды, бүгін қандай жиналыс, кездесу болса да дайын тұруың керек. Ақпаратты қысқаша әзірлеуден бөлек, оқырманды қызықтыратын сараптамалық материалдар да жазасың.

Балтабай ТҰРАРОВ, дизайнер:
ТАРИХТЫ ТАСПАЛАП ЖАТЫРМЫЗ
Қиындығы мен қызығы мол қарбалас жұмыстамыз. Кейде қателесесің. Сол ағаттықты келесі түсірілімге барғанда қайталамауға тырысасың. Бұрын-соңды ұзақ түсірілімге қатыспағанмын. Бірде 40 минуттық подкаст түсірдік. Қуаныш жүргізіп отыр еді. Қалғып кетіппін. Қуаныш келіп оятқанда көктен түскендей болып, аң-таң болғаным бар. Тағы бірде сыртта бір түсірілімге бардық. Күні бойы түсірдік, сөйлестік, біраз жүрдік. Ішке келіп, видеоны компьютерге көшіріп, қарасам, дауысы жазылмай қалыпты. Микрофон қоспағаным есіме түсті. Содан кейін не түсірсем де, әуелі микрофонды тексеріп аламын.
Біз қазір өңірдегі әлеуметтік нысандарды, саяси оқиғаларды, мерекелік іс-шаралар мен жиындарды түсіреміз. Оны шолу бейне етіп дайындап, әлеуметтік желідегі парақшамызға жүктейміз. Қысқасы, тарихты таспалап жатырмыз. Нәтижесі жаман емес. Біз қазір студия жұмысын нықтадық. Алдағы уақытта да осындай қарқынмен жалғаса беретініне сенім кәміл.
Дәулет ҚЫРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!