Уақыт ағымымен бірге әскердің де сипаты, талаптары мен күнделікті тынысы өзгеретіні белгілі. Әскери өмірдің қыр-сырын тереңірек танып, әр кезеңдегі тәртіп пен тұрмыстың айырмашылығын саралау мақсатында біз Отан алдындағы борышын әр жылдары өтеген үш түрлі буын өкілін әңгімеге тарттық. Әрқайсысының айтар ойы, бөлісер естелігі бар. Олардың әңгімесі арқылы біз сарбаз өмірінің тек тәртіп пен бұйрыққа ғана құрылмайтынын, сонымен қатар шыдамдылық, бауырмалдық, жауапкершілік секілді қасиеттерді қалыптастыратын үлкен мектеп екенін аңғардық. Әр буынның естелігі тұтас бір дәуірдің көрінісі іспетті. Осы арқылы әскери өмірдің өзгерісі мен сабақтастығын, сарбаз рухының әр кезеңде де биік болғанын байқауға болады.

Әскери өмір - азаматтықтың алғашқы баспалдағы

Болат ДОСПЕНБЕТОВ:
– 1968 жылдың 16 қыркүйегінде дүниеге келдім. 18 жасқа толған шағымда, яғни 1986 жылдың 30 желтоқсанында Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым. Ол уақыт ел еңсесін тіктей бастаған, бірақ тұрмыс әлі де оңай емес кезең еді. Соған қарамастан, әскерге бару – әр жігіт үшін үлкен сын әрі абырой саналатын.

Біз Жалағаш ауданынан 27 жігіт болып пойызға отырып, алыс сапарға шықтық. Ресейдің Архангельск деген суық аймағына табан тіредік. Ол жақтың табиғаты мүлде бөлек еді, қысы ұзақ әрі қатты, аяз кей күндері 40- 50 градусқа дейін баратын. Қар қалың жауатындықтан, көбіне шаңғымен жүретінбіз.

Әскердегі тәртіп өте қатаң болды. Бірақ сол темірдей тәртіп бізді шыңдады, жауапкершілікке үйретті. Бір қызығы түрлі ұлт өкілдерімен бірге қызмет етесің. Басында жат көрінгенімен, уақыт өте келе бәріміз бір үйдің баласындай болып кеттік. Сол ортада қазақ екеніңді мақтан тұту – ерекше сезім. Өз тіліңді, дәстүріңді дәріптеп, өзге ұлтқа таныту – үлкен мақтаныш.

Әскердегі достық – өмірлік достық. Бүгінге дейін дос, бауыр болып араласып жүрген Ғабит Бекмағанбетов, Серік Қалабаев, Раушанбек Абдукадиров секілі азаматтар бар. Уақыт өтсе де, сол бір жылдардағы бауырмалдық жоғалған жоқ.

Сондай-ақ бізге тәрбие берген офицерлердің де орны бөлек. Солардың ішінде капитан Константин Спередонов есімде ерекше қалды. Ол кісі бізге тек әскери тәртіпті ғана емес, адамгершілікті де үйретті. Әр сарбазға әкелік қамқорлықпен қарап, дұрыс жол сілтей білді. Әскердегі әр күн өз алдына бір естелік. Соның бірі – атыма жазып алған шаңғым. Сол шаңғымды машина басып, сындырып кеткеніне әлі күнге қапаланамын. Бірақ бүгінде сол сәттің өзі жылы естелікке айналып отыр.

Ал ең ерекше сезім – елге қайтуға санаулы күн қалғанын білу. Ол сәтті сөзбен жеткізу қиын. Сағыныш, қуаныш, үміт бәрі араласқан күй. Ақыры, 1988 жылдың 30 желтоқсанында елге аман-есен оралдым.

Міне, әскерден оралғаныма да 40 жылға жуық уақыт өтіпті. Уақыт зымырап өтсе де, сол бір кезең өмірімнің ең маңызды, ең ұмытылмас белестерінің бірі болып қала береді. Әскер – ер азаматты шыңдайтын, өмірге бейімдейтін үлкен мектеп екеніне толық көзім жетеді.

Әскери өмір - азаматтықтың алғашқы баспалдағы

Парасат НҰРТАЗАҰЛЫ:
– 1993 жылдың 19 желтоқсанында дүниеге келгенмін. Әскерге жиырма жасымда аттандым. Шынымды айтсам, бұл шешімімнің түбінде қызығушылық та, өзімді сынап көргім келген ішкі талпыныс та болды. Пойызға отырған сәттен бастап жаңа өмірдің лебі сезілді. Жол үстінде жігіттермен танысып, ортақ әңгіме құрып, жаңа ортаға деген қызығушылығымыз арта түсті.

Желтоқсан айы еді. Біз Қарағанды облысындағы Майқұдық станциясына келіп түстік. Ол жақтың қысы мүлде бөлек екен, қытымыр аяз, адамның бойымен бірдей қалың қар. Қызылордада туып- өскен мен үшін мұндай ауа-райын алғаш көру үлкен әсер қалдырды. Пойыздан түсе сала бізді моншаға алып барды. Одан кейін әскери киім-кешек үлестірілді. Алғаш киген формамыздың өлшемі тым үлкен болып, өзімізге біртүрлі көрінгені әлі есімде. Алғашқы бір ай толықтай оқу-жаттығуға арналды. Бұл кезең жаңа ортаға бейімделу, тәртіпке үйрену уақыты еді. Жалпы үш-төрт күннен кейін-ақ әскери өмірдің қаталдығы сезіле бастады.

Күн тәртібі қатаң, таңғы алтыда оянып сапқа тұрамыз, алаңға шығып жүгіру секілді түрлі жаттығу жасаймыз. Одан кейін жуынып, состав түгелімен таңғы асқа барамыз. Біздің құрам үшінші қабатта орналасқан еді. Егер біреу кешіксе немесе саптық тәртіпті бұзып дұрыс қадам жасамаса, бәріміз қайтадан жоғары көтеріліп, төменге бірінші қабатқа қайта түсуге мәжбүр болатынбыз. Бұл да тәртіпке баулудың бір жолы еді.

Шыны керек, алғашқы күндері ол жақтың тамағына да үйрену оңай болған жоқ. Бір аптадай дұрыс тамақтана алмай жүрдік. Кейін ашыққан соң бәріне де үйренісіп кеттік. Әскер – шыдамыңды шыңдайтын мектеп. Ол адамды тәртіпке, тазалыққа, жауапкершілікке үйретеді. Өз-өзіңді бақылауды, төзімді болуды қалыптастырады. Бір айлық дайындықтан кейін бізді роталарға бөліп жіберді. Жасыратыны жоқ, әскерде түрлі жағдайболады. Жігіттер арасында түсініспеушілік те туындайды. Тәртіпке бағынбағандар «сыбағасын» алып жатады. Бірақ осының бәрі адамды шыңдайды.

Сол жылдарда бірге болған достармен хабарласып, кездесіп тұрамыз. Қиындықты да, қуанышты да бірге көрген соң дос емес, бауырдай болып кеттік. Бүгінде әрқайсысы әр өңірде бір-бір беделді қызметте жүрген азаматтар. Бір досыммен әлі күнге дейін бірге жұмыс істейміз. Әскердегі ең әсерлі сәттердің бірі – елге оралатын уақыт. Әскери формамен пойызда жүрегіміз алып-ұшып ауылға оралып келе жатқан сәт. Отбасыңа, жақындарға сыйлық алып келе жатқан сәттегі ішкі сезімді айтып жеткізу мүмкін емес.

Әскери өмір - азаматтықтың алғашқы баспалдағы

Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ:
– 2004 жылы 20 наурызда дүние есігін аштым. 19 жасымда Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым. 2023-2024 жылдар аралығында Абай облысы, Аягөз қаласындағы Қабанбай батыр атындағы 11-танк бригадасы немесе 10810 әскери бөлімінің артиллериялық дивизионында өз борышымды өтедім. Әскерде радиотелеграфист мамандығын игердім.

Әуелі ант қабылдағанға дейін 40 күн бойы біз «Жас сарбаздар» ротасында болдық. Кейін 180 баланы екі ротаға бөлді. Осы уақыт аралығында әскери өмірдің әліппесімен таныстық. Күнделікті кесте, киім, тамақ бәрі де сарбазға сай өзгеріп, қалыптаса бастады. Әрі әскери құрылымдармен танысып, міндеттерімізді түсіне бастадық. Таңғы 6:30-да тұру, тек белгіленген уақытта тамақ ішу. Әрі осы бір істің бәрін шапшаң жасауды да командирлер біздің бойымызға сіңіре бастады. Бұдан бөлек, саптық жүріс, дене дайындығына да көп көңіл бөлінді. Қарулармен танысып, салтанатты ант қабылдау рәсіміне дайындалдық.

Қолда телефон жоқ, тек қана әскери қағидалар жазылған кітапшалар бар. Сол арқылы жарлықтарды жаттап, анттың мәтінін есте сақтадым. Қарулас достарыммен жақын танысып, түрлі тақырыпта әңгімелесетінбіз. Сөйтіп жүріп, сәуірдің ортасында аттанған біз, мамыр айында ант қабылдадық. Есте қаларлығы алыстан ат арытып анамның келуі. Бір қарағанда 40 күн ғана туған жер, жақындардан жырақта болу ер жігіт үшін көп уақыт емес, бірақ ана мен бала арасындағы махаббат ешбір түсіндірмесі жоқ сезім. Сағыныш та тап сондай. Анаммен бірге сол кезде өткізген аз ғана уақыт менің есімде ыстық та тәтті естелік болып сақталды.

Ант қабылданды. Енді алда 11 айдан астам қызмет. Мені үлкен бригадамыздың ішіндегі артиллериялық дивизионның құрамына бөлді. 100-ден астам сарбаз бір казармада туған бауыр секілді күн кештік. Дивизион құрамында 4 батарея және 3 взвод бар. Мен «Артиллерия бастығының басқарма взводында» Ержан Садуақасовтың қол астында болдым. Жанымда өз жерлесім Елдос Алмас және Үшаралдан келген Ертілеу Ақанұлы, алматылық Ринат Садықовпен бірге жүрдім. Олар – менің тек қаруластарым емес, бауырларыма айналды. Әскерден келгеніме биыл 2 жыл толды. Қазір ойлап қарасам, әскерге дейінгі өзіммен әскерден кейінгі қалпым салыстыруға келмейді. Себебі 12 айдың ішінде мен қатты өзгердім.

Өкінішке қарай, әкемнен 10 жасымда көз жазып қалдым. Ер бала үшін әкенің орны қаншалықты маңызды екенін мен айтпасам да түсінікті шығар. Сол бір жігітке тән тәрбиені, салмақтылық пен мінезді маған әскер үйретті.

Осылайша бір кездері көп көрініп, өтпестей сезілген 365 күндік сарбаз өмірі аяқталды. Көзді ашып-жұмғанша қас-қағым сәттей өте шыққан бұл 12 ай менің есімде ешқашан өшпек емес. Егер «өкінесің бе?» деп сұрамақ болсаңыз, мен «жоқ» деп жауап беруші едім. Себебі менің өкінішім жоқ, алғысым шексіз! Мен осы бір борышымды өтегеніме қуаныштымын әрі мақтан тұтамын.

Дайындаған Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!