Әрбір мемлекеттің өзіндік қалыптасқан ұстанымы болады. Идеология – бір мемлекеттің немесе бір партияның, тұтас бір халықтың қағидасы, идеялық сенімі. Бізге де ұлт болып ұйысып, тұтастығымызды сақтау үшін ұлттық идеология қажет.

Мәселен, Батыс елдерінде идеология деген ұғым жоқ. Өйткені олардың негізгі сенім-кредосы – бостандық, еркіндік, ұлттық қауіпсіздік. Ал біздің ел үшін идеялық сенім өте қажет. “Ұлы Далада” еркін өмір сүріп, далалық ділін, қазақи қасиетін киіз үйімен, тербелген бесігімен, саналы, қайсар, намысшыл ұрпағымен, қастерлі ұланғайыр жерімен сақтай білген қазақ жұрты өзінің табиғи жаратылысын жоғалтып алмау керек.
Бүгінгі қазаққа жаһандық үдерісте өркениет көшіне ұлт боп ілесу үшін ұлттық мұрат қажет. Ұлттық мұрат, діл мен тіл, ұлттық құндылықтар, ұлттық рухымызбен алыс ғасырларға апаратын бағдар – идеялық сенім. Ол сенім – Ұлттық идеология деп аталады.
ХХІ ғасырда қазақтың ұлттық кодын қамтыған, жоғалғанын тауып, тегінен тінін тартқан, болашаққа бағдар беріп, қазақтың рухын көтерген қазақтың идеологиялық қуатына айналуы тиіс тарихи маңызды құжат бар. Ол құжат – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Осы идеялық мазмұнға бай мемлекеттік құжатқа сайлаудан кейін жаңа өзгерістер енгізіліп, қайтадан пәрмен берілу керек. Қазақ өзінің тарихи есін, тарихи жадын қал­пына келтір­мейінше кедергінің азаймасы кәміл. Сондықтан идеялық сенімге негізделген идеологиялық қуат – уақыт талабы.
Қазіргі әлемдік саяси идео­логия – жер бе­тінде бейбіт­шілікті сақтау және соғысты болдырмау, дамушы және дамыған елдер арасына бейбіт жолмен көпір сала білу. Бірақ, бұл идеяның әлсірегені бәріне аян. Себебі, Еуроодақ әлемде болған вирустың таралуына қатысты мәселесінде өзінің әлем мүддесі үшін күресе алмайтынын көрсетті. Әлемді бір толқында ұстап тұру мүмкін емес. Еуроодақтағы дамыған елдер дамушы елдердің дамуына мүмкіндік бермей жатыр. Дамыған елдер даму үстіне дамып жатса, дамушы елдер басылуда.
Ал, Еуроодақ құрылуындағы басты мақсат әлем елдерінің теңдігі, дамуы, көркеюі болған. Басты идеология бейбітшілік пен теңдікте болған. Коронавирус кезінде Еуроодақ дамушы елдерге сәйкес келмейтін іс-шараларды ұсынғаны белгілі болды. Бұл әлемдік саясатта өзімшілдіктің әлі күнге дейін бар екенін көрсетеді.
Көпполярлы дамуға көшкен әлемдік өркениетте әр мемлекеттің өзіндік даму жолын таңдауға мүмкіндігі бар. Сондықтан батыстық саяси идеологияның басты мақсаты адамзатты бірегейлендіру болғанымен, ұлттық мемлекеттер мен ұлттық мемлекет құруға талпынған, тұтас мемлекетті құрап отырған халықтар өзінің ұлттық идеологиясын бағдарға алатыны заңдылық. Әр халық адамзат өркениетінің бүгінгі үдерісі – жаһандық дамуда жұтылып кетпеудің жолын ұлттық идеологиядан табады.

Аружан ӘШІРБЕК,
«Болашақ» университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!