Фото: inbusiness.kz
Іnbusiness.kz. Голливуд туындысы – Disney-дің қазақ тіліне аударылып, 2024 жылғы 14 маусымда тұсауы кесілген «Ойжұмбақ-2» мультфильмі Қазақстанда 125 миллион теңге касса жинады. Disney компаниясының аймақтағы дистрибьюторының хабарлауынша, бұл – «Қазақстанда қазақ тіліне аударылған анимациялық фильмдердің ішіндегі рекорд».
Көрермендер отандық кинотеатрларда туындының қазақша нұсқасы әдеттегідей, ыңғайсыз уақытқа қойылғанына шағымданды. Соған қарамастан, көрерменнің залдарды толтыруы өзіндік, бөлек жетістік.
Оның орыс тіліндегі нұсқасы – «Головоломка-2» Қазақстанда 1,35 миллиард теңге түсірген. Елімізде мультфильмді қос тілде 900 мыңнан аса адам тамашалапты.
Тұтастай алғанда, «Ойжұмбақ-2» мультфильмі Орталық Азия мен Кавказда 4,5 миллион доллар (шамамен 2,08 миллиард теңге) жинады. Сөйтіп, аймақта анимациялық фильмдердің кассасы бойынша тағы бір рекорд тіркелді. Оның үлкен үлесі – Қазақстанның еншісінде.
«Ойжұмбақ-2» мультфильмінің қазақша нұсқасының 1 күнде 10 миллион теңге әкелгені Үкіметке ой салды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде «Ойжұмбақтың» алғашқы күнгі қаралымы «Аватардан» 3 есе асып түскенін мәлімдеді. Бұл да бір биік белес.
Осының бәрі мемлекеттің анимация саласын дамытуға мықтап көңіл бөлуіне түрткі болатынға ұқсайды. Осы мақсатта Үкімет тіпті ұлттық заңнаманы өзгертпек. Бұл туралы Мәжіліске Премьер-министр Олжас Бектенов хабарлады.
«Мемлекет басшысының кинематография саласын реформалау бойынша берген тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет «Кинематография туралы» заңға түзетулер енгізу және киноиндустрия саласын мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмін әзірлеу жұмыстарын жүргізуге кірісті. Енгізілетін түзетулердің қатарында балалардың анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған қазақ тіліндегі фильмдер санын ұлғайту бойынша жеке нормалар қарастырылған», – деді Үкімет басшысы.
Тиісті заң жобасы Мәжілістің қарауына берілді, күзде басталатын жаңа, үшінші сессиясында депутаттар оны қолға алады деп күтілуде.
Премьер Қазақстанның кинопрокатындағы отандық фильмдердің, соның ішінде анимациялық фильмдердің үлесін 2022 жылғы деңгеймен салыстырғанда, 2030 жылы 35%-ға дейін жеткізу жоспарланғанын жеткізді. Яғни, әрбір үш анимациялық туындының біреуі – отандық болуға тиіс. Қазақстандық мультфильмдердің үлесі биылғы 2024 жылы – 21%, 2025 жылы – 25%, 2026 жылы – 28%, 2027 жылы – 30%, 2028 жылы – 32%, 2029 жылы – 35% болуға тиіс деген нысаналы индикаторы бекітілді.
Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі кезде республикалық және жергілікті бюджеттерде анимациялық фильмдерді шығаруға жыл сайын қаражат қарастырыла бастады. Мәселен, 2024 жылы анимациялық жобаларды өндіруге республикалық бюджеттен 500 миллион теңге бөлінген.
Бұл ретте Олжас Бектеновтың сендіруінше, бюджеттен қаржыландырылатын анимациялық фильмдердің «барлығы қазақ тілінде жарыққа шығады».
Бұған дейін осы салаға жете мән берілмегені жасырын емес. Нақтылағанда, 2019-2022 жылдар аралығында мемлекеттің қаржылық қолдауымен небәрі 8 анимациялық фильм жасалыпты. Ал, 2024 жылы бірден 37 анимациялық фильмнің сценарийлері қаралып жатыр.
«Биылдан бастап, «ұлттық» деп аталуға үміткер киножобаларды іріктеу қағидаларына түбегейлі өзгеріс енгізілді. Ұлттық фильмдерді іріктейтін Сараптама кеңесінде анимациялық киножобаларды қарастыратын секция құрылды. Бұл секцияның мүшелігіне анимация саласының білікті мамандары енді. Еліміздің мемлекеттік идеялогиялық саясатының іске асырылуына ықпал ету, бала тәрбиесін, тіл мәселесінің оң шешілуін қамтамасыз ету үшін «Қазақфильм» киностудиясының жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылып отыр», – деді Премьер.
Бұл шығармашылық бірлестік алдына: отандық анимациялық саланы жаңғырту, анимациялық фильмдердің сапасы мен ұлттық нақыштағы мазмұнын халықаралық деңгейге дейін көтеру, сондай-ақ қысқа, толық метражды анимациялық фильмдер санын ұлғайту міндеттері қойылды.
Премьер-министр саладағы озық тәжірибелерді игеру, елдегі тұралап қалған анимация өнерін халықаралық ұйым арқылы қосымша қаржыландыру үшін Қазақстанды «Халықаралық анимациялық фильмдер қауымдастығына (АСИФА) мүше ету мәселесі алдағы уақытта қаралатынын» мәлім етті.
Қазіргі заманда бала тәрбиесінің бір тірегі – анимация екені сөзсіз. Тіпті шетелдік өнім болса да, оны тілді насихаттау мақсатында оңтайлы қолдануға болады. Мысалы, голливудтық, шетелдік мультфильмдерді орысша көріп өскен жас ұрпақ бәрібір орыс тілін жақын тартып тұрады, сол тілде тілі шығып, кейін сол тілде ойлайды.
Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту үшін «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» 2024 жылы елімізге әкелінетін 15 фильмді қазақ тілінде дубляждауды жоспарлап отыр. Өз кезегінде, Disney фильмдерінің ресми дистрибьюторы «Меломан» компаниясы 2024 жылы «Ойжұмбақ-2»-ні қоса алғанда, барлығы 4 көркемфильмнің қазақ тіліндегі нұсқасын кең прокатқа шығаруды жоспарлауда.
Қазақ анимациясын өркендету үшін білікті мамандар керек. Бүгінде салаға қажетті кадрларды даярлаумен 7 университет айналысады. Алдағы 2024-2025 оқу жылында бұл сала үшін кадрларды дайындауға бакалавриат бойынша 119 грант, магистратураға 10 грант көлемінде мемтапсырыс бөлініпті. Салыстырсақ, 2023-2024 оқу жылында бакалавриатта – 100 грант, магистратурада – 10 грант болған.
Олжас Бектенов бұдан былай елімізде анимация саласын дамыту үшін кешенді шаралар қабылданатынын мәлімдеді.
Сенатор Руслан Рүстемов смартфоннан қалағанын қарап, қызыққа бататын қазіргі заман баласы тек сапалы анимация өнімдеріне ғана көз салатынын айтады.
«Анимациялық фильмдер бүлдіршіндердің дүниетанымын қалыптастыратын, тілін ұштайтын бірден-бір тәлім-тәрбие құралына айналды. Мультфильмдер лайықты иллюстрациямен безендірілсе, оқиға желісі іш пыстырарлық емес, шытырман болса, арнайы эффектілермен көмкерілсе ғана көрерменін тарта алады. Қазіргінің балалары бұл ерекшеліктерді өте жылдам, әрі дәл айырады, бұл саладағы талғамдары тым жоғары! Осындай биік талаптарға сай келмесе қазақтілді мултьфильмдерді бірде бір бала көрмейді», – деді Руслан Рүстемұлы.
Бұл жөнінен қазақ ұтылуда. Сенатордың байламынша, ұлттық танымымызға сай, идеологиялық мазмұн-маңызға ие, сонымен бірге баланың санасы тез қабылдайтын тәрбиелік мәні бар анимациялық өнімдер де, балдырғандарға арналған қызықты кітаптар да өте аз.
«Содан болар, балалардың тілі өзге тілде шығып, ұлтымызға жат таным-түсінігі қалыптасуда. Бұл ұлттың келешегі үшін өте қауіпті құбылыс! Себебі, анимация – жаһанданудың ең маңызды құралына айналды. Әлемнің озық елдері анимацияға стратегиялық деңгейде мән беріп, сол арқылы ұлттық құндылығын өзге елдерге дарытуда. Мысалы, жапон елінің анимеден түсіретін табысы өте қомақты. Ресей балаларға арналған анимациялық фильмдер мен видеоөнімдерді идеология құралы ретінде пайдалануда. Қытай әлемде «анима» дайындау бойынша алдыңғы орынға шықты. АҚШ-та анимация өнер ретінде бағаланып, идеология құралы және бизнестің көзі ретінде дамуда», – деді Руслан Рүстемов.
Қазақ анимациясының атасы атанған Әмен Қайдаровтың ізбасарлары, қазақ аниматорлары техникалық мүмкіндігі заман талабына сай келмесе де, мол қаржысы болмаса да, бай тәжірибесінің арқасында анима-өнімдерін қолдан келгенінше шығаруда. Халықаралық конкурстарда жүлде иеленген отандық мультфильмдер де жеткілікті.
Енді тек қуатты мемлекеттік қолдау керек. Мемлекет қаржысын саланы жайлаған жемқорлар талан-тараж етпегені маңызды.
Әзірге, сарапшылар елімізде тіпті отандық анимацияны дамыту концепциясы да жоқтығына назар аудартады.
Меншік нысанына қарамастан отандық телеарналардың әрқайсысын 12 жасқа дейінгі балалар аудиториясына арналған ұлттық анимациялық фильмдерді көрсету үшін арнайы уақыт бөлуін міндеттеу де артық болмас еді.
Қазақстанда сценарий саласы да ақсап жатыр. Салдарынан, сюжеттік желісі босаң, не айтпағы белгісіз, кейіпкерлері зеріктірерлік қызықсыз мультифильдер түсіріліп жатыр. Сондықтан балаларға арналған қазақ тіліндегі үздік әдеби шығармаларға конкурс жариялап, ең таңдаулыларының желісімен анимациялық фильмдер түсірген жөн.
Қазақ халық ертегілеріндегі дайын кейіпкерлерді, жырау-жыршы, би-шешендердің өсиеттерін, өнегелі сөздерін насихаттайтын мультфильмдерге, ұлттық танымға сай және отансүйгіштік рухтағы анимациялық туындыларға тапсырыс беруді жыл сайын ұлғайту керек.
Депутаттар тарапынан қазақ тіліндегі сапалы анимациялық туындыларды меншік нысанына және тәрбиелеу тіліне қарамастан барлық балабақшаларда қоюға, тіпті бастауыш сыныптарда білім беру мақсатында пайдалануға міндеттеу ұсынылды.
Тек депутаттар тиісті жаңа заң жобасын қабылдау барысында осы және басқа да ұсыныстарды тарс ұмытып, теріс қарамаса болғаны.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!