Әлем күн санап өзгеріп, дамып келеді. Бүгінгі жаңамыз ертең жағаға шығып қалғанын байқап үлгермей жатамыз.Еңбек нарығында кейбір мамандыққа сұраныс азаяды, тіпті керек болмай қалып жатады. Сәйкесінше, мамандықтар жаңарып, бұрын-соңды естімеген атаулар пайда болуда.Сондай мамандықтардың бірі – логистика.
Логистика – заман мамандығы. Яғни, экономиканың бөлігі және өндіруші мен тұтынушы арасындағы өнімдер, қызметтер мен тауарлар айналымын оңтайландыруға көмектесетін бизнес саласы. Қазіргі кәсіпте мамандық стратегиялық маңызды рөл атқарады. Логистика ұғымы – iскерлер қауымы жиi қолданатын сөз. Өйткенi ол шикiзат, материал, өндiрiс, еңбек, дайын өнiмдi өндiрушiден тұтынушыға дейiн жеткiзудегi қозғалыстың көпірі.
Бұл мамандық тауар нарығымен тікелей байланысты. Көлік логистикасына өнімнің қозғалысына қатысты барлық ұғым кіреді. Қазақстанның дүниежүзілік нарыққа енуі үшін кәсіби логистердің елге келуі маңызды. Табысты кәсіпорынды дамыту осы мамандарсыз мүмкін емес. Аталған сала үшін уақыт пен қаржылық ресурстарды үнемдеу кезек күттірмейтін қадам. Былай қарасаң, қиын ештеңе жоқ сияқты көрінуі мүмкін.
Өзім логист мамандығы бойынша білім алудамын. Ал, ол көптеген тәуекелдермен сипатталады. Уақытында жеткізілмеген өнім тек шығын емес, сонымен қатар тұтынушы сенімін жоғалтады. Кедендік құжаттар дұрыс ресімделмеген жағдайда тауарларды шекарадан өткізуге рұқсат етілмейді. Сондықтан логист мамандығы маңызды шешімдерді дер кезінде қабылдай алатын адамға лайық.
Адам өмірде екі нәрседен қателес¬пеу керек деп жатады, соның бірі – мамандық таңдау.
Адамның өзі, өмірге деген көзқарасы, қабілеті жыл өткен сайын өзгеруі мүмкін, алайда қалауын тапқан адам ғана кәсібінен ләззат алады.Логистика мамандығы келешектің саласы екеніне көз жеткізген соң, осы мамандықты таңдап, өткен жылы И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық колледжіне оқуға түстім.
Қазір үлкен сұранысқа ие және табысты маман болуды мақсат етемін. Оқу орны да, дәріс беріп жатқан ұстаздарым да өзіме ұнайды. Болашақта білімімді ұштап, өркениетті еліміздің гүлденуіне үлес қосуға асықпын.


Зивара ТҰРСЫНБАЙ

И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі

«Көлік және логистика мамандықтары» бөлімшесі

2 курс Л-22о оқу тобы студенті.

Жетекшісі: арнайы пән оқытушысы Сералиева Б.Н.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!