Түркістан облысында өгей қызын үш жылға жуық зорлаған педофил-өгей әкеге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Оtyrar.kz порталына сілтеме жасап.
Сот барысында қылмыскер үн шығармай отырған. Артынша ол өз кінәсін ішінара мойындап, кішкентай қызды бір рет зорлағанын мәлімдеген.
«Сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша оның педофилдікке бейімділігі болғандықтан, сот Қылмыстық кодекстің 91-93-бабына сәйкес, кастрация түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындады. Іс материалдары оның кінәсін жәбірленушінің өзінің айғақтарымен, сондай-ақ осы жәбірленушіге қатысты жүргізілген бірқатар сот-медициналық сараптамаларымен толық дәлелдеді», – деді облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі төрағасының міндетін атқарушы Дәурен Мадалиев.
Айта кетсек, Түркістан облысына қарасты Шұбарсу ауылында жантүршігерлік оқиға болған еді. Өгей әкесі 8 жасар өгей қызын әйелі үйде жоқта зорлаған. Қылмыс азғынның баланы қансыраған күйі мектепке жібергенінен кейін ашылған болатын. Әбден азап көрген қыздың анасы сол оқиғадан соң күйеуі өзін өлтіруді сұрағанын айтады.
«Қызым шлакоблоктан құлаған соң басы айналып тұрғанын айтты. Мен түсінбей қалып, оны орнынан тұрғыздым, қарасам, тоқтамай қан ағып тұр. Соны көре сала әлгі құбыжық дереу жақындап келіп, шындықты айтып, кешірім сұрай бастады. Мен қатты шошып есімнен танып қалыппын, көзімді ашсам алдымда бірнеше пышақ жатыр, ол өзін өлтіруімді сұрады. Менің телефонымды алып алған екен. Мен оны алдап тұрып телефонды алып алдым да, жедел жәрдем шақырдым», – дейді әйел.
Қылмысқа 8 жасар қыздың інісі куәгер болған.
Зорланған соң қызға екі ота жасалған. Дәрігерлер оның жатырын алып тастауға мәжбүр болыпты. Жәбірленуші тарап сот шешімімен келіседі.
Сот үкімі шыққан соң қыздың анасы зорлаушыны көргісі келмегендіктен сотқа онлайн режимде қатысқанын айтты.
«Үкімге қанағаттанамын! 25 жыл түрмеге жабылады және химиялық кастрация жасайды. Азғын адамға бұл аз дер едім. Бірақ Құдай бәрін көріп тұр ғой. Ол менің қызыма бірнеше жыл бойы жасаған барлық күнәсі үшін Алладан әлі жазасын алады деп үміттенемін», – дейді баланың анасы.
Қазір қыз анасымен және інісімен бірге дағдарыс орталығында тұрып жатыр. Онда отбасына психологиялық қолдау көрсетіледі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!