Қызылорда облыстық сотында 2021 жылдың 6 айындағы сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындылары шығарылды.
Іс-шараға облыстық соттың төрағасы Қамбар Нұрышев, алқа төрағалары, онлайн режимде облыстық, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары қатысты.
Кеңес жұмысын облыстық соттың төрағасы Қамбар Нұрышев ашып, күн тәртібінде қаралатын негізгі мәселелермен таныстырды.
Қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың сот төрелігін жүзеге асырудың сандық және сапалық көрсеткіштері туралы алқа төрағалары Бақытжан Қалымбет, Әділхады Шығамбаев, Жанат Оспанова мәлімдеді.
Отырыста баяндалған статистикаға сәйкес, 2021 жылдың 6 айында облыс соттарының өндірісіне 10010 талап қою арызы, 5101 әкімшілік іс, 518 қылмыстық іс түскен.
Облыс соттарының өндірісіне ағымдағы жылдың 6 айында неке бұзу санаты бойынша 1383 талап қою арызы түсіп, оның 793–сі қанағаттандырылған, 147 іс медиация, 1 іс партисипативтік рәсімдерімен аяқталған.
Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасына 1454 азаматтық, 104 әкімшілік іс, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына 120 қылмыстық іс түскен.
Шара барысында Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жанат Оспанова сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі бойынша соттардың өндірісіне 25 әкімшілік талап қою түскенін айтып өтті. Атап айтқанда, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 22, Байқоңыр қалалық сотына 1, Арал аудандық сотына 2 әкімшілік талап қою түскен.
Есепті кезеңде Қызылорда облысы соттарында медиация тәртібін қолдану арқылы 572 азаматтық іс, 54 қылмыстық және 85 әкімшілік іс аяқталған.
Кеңейтілген кеңес қорытындысы бойынша сот төрелігін жүзеге асырудың сапасын жақсарту, судьялар мен сот мамандарының кәсіби деңгейін арттыру, алдағы атқарылатын жұмыстар мен тапсырмалар айқындалды.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!