Фото: Orda.kz

Мамыражай мамыр – шаруа айы. Ел қытымыр қыстың ызғарлы күндерін артқа тастап, шуақты күнді қарсы алып, далалық жұмыстарға кіріседі.
Жанға жайлы жадырай,
Келді көктем, мамыр ай.
Сұлулықты соншалық
Жаратушы Тәңір-ай! – деп жырлайды Әбдірахман Асылбек. Иә, расымен тіршілікке жан бітетін мезгілді халық асыға күтеді. Себебі дәл осы айда жаңарумен қатар бірлік пен елдік дәріптелетін, елдің рухын көтеретін атаулы күндер бар.

7 мамыр – ерлік күні

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылуына байланысты бекітілген мереке қарсаңында жыл сайын түрлі жиын мен іс-шаралар ұйымдастырылады.

Биыл Қызылордада 3-10 мамыр аралығында ауқымды шаралар, атап айтқанда мерекелік концерттер, акциялар, мұражайлар мен кітапханаларда ашық есік күндері, спорттық сайыстар, әскери-патриоттық ойындар, білім беру ұйымдарында кездесулер, ерлік, тәрбие сағаттары, ардагерлерді салтанатты құттықтаулар мен құрмет көрсету, тағзым алаңдарында гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.

– 7 мамырды әскери және құқық қорғау органдарының ғана емес, күнделікті бейбіт өмірде ерлік істерімен көзге түскен ер адамдардың да мерекесі ретінде атап өту жұмыстары жүргізілуі қажет.

2 мамырдан бастап мерекелік шаралар өтетін негізгі орындарға, орталық көшелер мен үлкен сауда орындарына және халық көп шоғырланатын аймақтарға мерекелік безендірулер орналастырылады. Облыс әкімінің қатысумен 7 мамыр – Отан қорғаушылар және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған негізгі еске алу митингі, Тағзым алаңына гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Мұндай шаралар сол күні барлық аудан орталықтарында аудан басшылығының қатысуымен болады. Сонымен қатар, азаматтық қоғам өкілдері мен белсенді жастар «Ардагерлерді ардақтайық» тақырыбында ардагерлер мен қарттар үйлерінің аумақтарына, жалғызбасты қариялардың үйлерінің аулаларына тазалық акцияларын ұйымдастырады, – деді А.Әбілқасымұлы.

Білім беру ұйымдары мереке қарсаңында Халық қаһармандары Рахымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына орай танымдық іс-шаралар өткізбек. Соғыс ардагерлері мен бейбіт күннің батырларының қатысуымен кездесулер ұйымдастырылады.

Ардагерлерге арналған жәрдемақы

Ұлы Отан соғысына қатысқан 4 ардагерге биыл 2,5 млн теңгеден біржолғы жәрдемақы төленеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жұмабекұлы хабарлады.

– Ұлы Отан соғысына қатысқан 4 ардагерге 2 510 560 теңгеден біржолғы жәрдемақы төленетін болады. Сонымен қатар, тылдағы жанқиярлық еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін арнайы медальдармен марапатталған ардагерлерге 221,5 мың теңгеден беріледі. Ал ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің жұбайларына және қайтыс болған мүгедек ардагерлердің жұбайларына 147,6 мың теңгеден төленеді. Сондай-ақ, тылда кемінде алты ай жұмыс істеген 1 990 азаматқа 147,6 мың теңгеден беріледі. Жеңіс күні қарсаңында Чернобыль, Семей, Ауғанстанда болған ұрыстарда ерлік көрсеткен азаматтар біржолғы әлеуметтік көмекпен қамтылады, – деді Ғабит Жаңабаев.

Ұлы Отан соғысына Сыр өңірінен 70 мыңнан астам азамат аттанған. Батыр бабалардың көпшілігі қанды майданда ерлікпен қаза тапты. Ал бүгінде аймақта Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілген 3 843 ардагер бар.

Жеңіс күні – айтулы мереке. ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде фашистерге қарсы тұрған қазақ азаматтарының ерлігіне тарих беттері дәлел. Жеңісті ұран тұтқан ерлердің есімі – ел есінде!

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!