Фото: shutterstock.com

Қазір көтерме бағада Қытайдан тапсырыспен алынатын зат көп. Соның арасында тұрмыстық заттар, киімдер, сондай-ақ косметика да бар. Бет күтімі, декоративтік косметика сұранысқа ие. Себебі түпнұсқасы бірнеше есе қымбат. Дегенмен «арзанның жілігі татымас» деген қазақта тіркес бар емес пе? Біз тауардың зиян еместігіне қаншалықты сенімді бола аламыз? Ол алдын ала қандай тексерістен өткен? Сұлулық нарығындағы косметикалардың сапасындағы сызаттың қауіпі қандай? Бұл туралы мақаламызда саралап көретін боламыз.

Брендтік сөмке, сапалы опа- далап, қымбат әшекей бұйым дегенге кез келген нәзік жанды қызығады. Алайда көбінің қолы бұл дүниелерге жете бермесі рас. Оның үстіне қазір түпнұсқа мен көшірменің де айырмашылығын анықтау қиын. Көшірме дүниелер арзан бағада, сапасы жағынан көзге көрінбейтін, бірақ кемшіліктері орасан зор. Ал қатарымнан қалғым келмейді деушілер дүкен сөрелерінде самсап тұрған арзан дүниелерді сатып алады. Тиісінше сапасыз дүние кесірін тигізіп, келбетіңізге нұқсан келтіруі әбден мүмкін.

Әлемде жыл сайын бет әрлеушілер қатары артпаса, кемігенін байқап жатқан жоқпыз. Себебі, бұл кәсіп сұранысқа ие. Қазақстандық салондарда кешкі немесе той қалыңдығының бетін әрлеу құны кемінде 10 мың теңге талап етеді. Бағасына қарамастан неліктен арулар бұл қызмет түріне жүгінеді деп ойласаңыз, жауап қарапайым: олар тұтынушыларына арзан, сапасыз өнімді қолданбайды. Көбісінің қалтасы көтере бермейтін косметиканың түр-түрі сөрелерді сәндейді. Алайда бұл өнімдер жануарларға жүргізілетін зерттеу жұмыстары арқылы қолданысқа енетінін білесіз бе?

Сұлулық құрбандықты қажет етеді. Дегенмен құрбан болып жатқан жазықсыз аңдар. Иә, осыдан біршама жыл бұрын Ральф есімді қоян туралы бейне роликтің тарағаны естеріңізде ме? Сол бейне әлеуметтік желіде резонанс тудырды. Халық жануарларды қинап, оларға қорлық көрсетуді доғаруды өтінген еді. Бейнеролик авторларының діттегені де сол болатын. Көптеген адам немқұрайлылық танытпай, қояндарға жүргізілген немесе жүргізілетін эксперименттік өнімдерден бас тарқан. Ал сол медиаөнімнен соң көптеген компания қоянның бейнесі бар құтыларды шығарды, яғни, бұл қояндарға экперимент жасалынбаған деген мағынаны білдірді.

Уақыт өткен сайын адамдар табиғи сұлулықты бағалап келеді. Сол сұлулықты жай косметиканың көмегімен айшықтап қоюды жөн санайтындар да баршылық. Бірақ бет күтімі – басты назарда. Әлемде Кореяның сұлулық компаниялары танымал. Нарықта топ 6-ға кіретін, небәрі 10 жыл ішінде керемет нәтиже көрсете білген мемлекет. Олардың өнімдерінің құрамы табиғи, қауіпсіз, жоғары нәтижені көрсете біледі. Сондай-ақ бағасы қолжетімді, орамдары тартымды.

Ал декоративті косметикаға келетін болсақ, нарықта талан-таражға түсетін тауар көп. Осы тұста батыс мемлекеттері көш бастап, бүгінде нығыздап алған орынын ешкімге бермек емес. Кәсіби косметиканың басты артықшылығы – компоненттердің жоғары концентрациясы. Сол факторларды кездестіре алатын бірнеше брендті атап өтсек: Dior, Clinique, L’Oreal, Chanel, MAC Cosmetics, Charlotte Tilbury. Атап өткен маркалар қыздар арасында жоғары бағаланады. Себебі сапалық тұрғыда көңіліңізден толық шыға алады. Құны қымбат болғанымен бағасына лайықты, ұзақ уақытқа жарайды. Алайда қолжетімді бағада да құнды боянуға арналған косметикаларды табуға болады. VivienneSabo, Alex Avien, Golden Rose брендері арқылы ұтымды бағада тауарлар таба аласыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: ақшаны үнемдеген дұрыс, алайда кейін өкініп, сан соғып қалмауыңыз керек. Ең әуелі білікті мамандармен ақылдасып, кейіннен өзіңізге лайық дүниені сатып алсаңыз дұрыс. Білместіктен сан соғып қалған бұрымдылардың әлеуметтік желіде бөліскен оқиғалары көп. Солардың қатарынан табылғыңыз келмесе, барынша пайдалы, табиғи өнімдермді пайдаланғаныңыз абзал.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!