Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің тапсырысымен облыстық дін істері басқармасы 27-28 наурыз аралығында Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының мәжіліс залында дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне және «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні мұғалімдеріне арналған екі күндік «Дін мәселелері бойынша білікті мамандар даярлау» оқыту семинарын ұйымдастырды.

Министрліктің Дін істері комитетінің әлеуметтік жобасы аясында «Рухани жаңғыру» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілген бұл шараға басқарма қызметкерлері, Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог, психолог мамандары, діни қызметкерлер, ұстаздар мен имамдар, жергілікті атқарушы органдардың, қала және аудан әкімдіктерінің, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, орта мектептердегі «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні мұғалімдері, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Жобада АТТ мүшелерінің кәсіби даярлығын шыңдау мақсатында халық арасында түсіндіру шараларын ұйымдастырудың әдістері, мақсатты топтармен коммуникациялық байланыс, шешендік өнер, көпшілік ортада сөз сөйлеудің тәсілдері және т.б. бағытта семинарлар өткізу көзделген.

Оқыту семинарының спикерлері дін мәселелері бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Балғабек Мырзаев және Төлеген Талдыбаев дін мәселелері бойынша дәрістер жүргізді.

Астана қаласынан келген спикер Б.Мырзаев «Дін мен дәстүр құндылықтарының қоғам тұтастығындағы орны» тақырыбы аясында тыңдаушыларға деструктивті діни ағымдардың қоғамға қаупі, неке және отбасы институтына, адам денсаулығына қатері туралы айтып өтті. Сондай-ақ, «Діни сенім бостандығының құқықтық аспектілері мен негізгі бағыттары туралы» тақырыбында зайырлы мемлекет ұғымы, құқықтық негіздері туралы сөз қозғады.

Алматы қаласынан келген спикер Т.Талдыбаев «Әлеуметтік желіде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы» тақырыбымен қатысушыларға қазіргі ғаламтор арқылы жас өркеннің бойына тәрбиелік мәні зор дүниелерді сіңіре білу мүмкіндігін қамтамасыз ету, қазіргі уақытта жамағатпен байланысты әлеуметтік желі арқылы орнатудың маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ, «Әлеуметтік желінің алгоритмдерін меңгеру және тиімді түсіндіру жұмыстарын жүргізу» тақырыбында қатысушыларға желіде жергілікті парақшаны жүргізу әдістерін үйретті.

Сонымен қатар, семинар барысында қатысушылар тарапынан дәріскерлерге сұрақтар қойылып, тұжырымды жауаптар алды.

А.ӘДІЛЖАНҰЛЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!