Полиция 2025 жылдың екі айында іздеуде жүрген 311 адамды ұстады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның ішінде:

  • кісі өлтіргені үшін – 7 адам; 
  • қарақшылық шабуыл жасағаны үшін – 1 адам;
  • денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін – 6 адам;
  • тонағаны үшін – 7 адам;
  • бопсалау қылмысы үшін – 1 адам;
  • ұрлық үшін – 75 адам;
  • есірткімен байланысты қылмыстар үшін 10 адам құрықталды.

Сонымен қатар, хабар-ошарсыз кеткен 145 адамның жүрген жері анықталды.

«Былтыр Астана қаласында тұратын азаматтың көлігін ашық түрде тартып алған 40 жастағы ер адам Түркістан облысында ұсталды. Маңғыстау облысында 50 жастағы ер адам құрықталды. Ол былтыр жазда тоғыз келіден аса гашиш сатқан», – деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Қазақстан полицейлері ТМД және алыс шет елдер үшін 85 қылмыскерді ұстады.

«Түркістан облысында мемлекеттік шекарадан өтпек болған кезде екі жыл бұрын Мәскеу тұрғынын өлтіргені үшін іздеуде жүрген 42 жастағы Өзбекстан азаматы ұсталды. Сондай-ақ, Жамбыл облысында шетел азаматы ұсталды. 2014 жылы Тәжікстан полицейлері одан 72 келіден аса гашиш тәркілеген», – деді Қанат Нұрмағамбетов.

Республикадан тыс жерлерде іздеуде болған 21 адам ұсталған.

«Польшадағы Варшава әуежайында ер адам ұсталды. Ол 2014 жылы Қазақстан Республикасы азаматтарын алдап, бір миллиондай АҚШ долларын қолды еткен. Түркия Республикасының Анталья қаласында 39 жастағы әйел ұсталды. Ол да алматылық тұрғындарды алдап, 146 мың АҚШ долларын алған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр» – деді полиция полковнигі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!