Шетелге шықсақ патриоттығымыз артып, елге деген сағыныш нығая түседі. Әрине, бүгінде қызмет пен білім қуып, Қазақстаннан жырақтағандардың саны едәуір артып келеді. Мысалы, ресми деректерге сүйенсек, Ресейде – 69 мың, Қытайда – 17,6 мың, Оңтүстік Кореяда – 1,6 мың, Ұлыбританияда мыңға жуық қазақстандық студент бар екен. Ал жұмыс бабымен жүргендердің саны бұл көрсеткіштен едәуір көп. Рәміздер күні қарсаңында өзге елде жүрген қазақстандықтармен байланысқа шығып, туған жерге деген сағынышын білдік.

7 жыл бұрын work and travel бағдарламасымен  Америкаға бағыт алған Қуаныш Далиев бүгінде Чикагоның тұрғыны. Қуаныш Америкада жүрсе де қазақтың салт дәстүрі мен әдет ғұрпын санасынан жоғалтқан емес.

– Америка көп ұлттың жиынтығынан құралғандықтан бізді де жатсынбады. Көзді ашып жұмғанша 7 жыл уақытым осы елде өтіп кетіпті. Студенттік бағдарламамен келіп, осында тұрақтап қалдым. Жұмыс істеуге қолайлы және еңбегіңе сай жалақысы да көңілге қонымды. Қанша дегенмен өз еліңді, туған жеріңді сағынасың. Мұнда қазақстандықтардың саны өте көп. Бір ғана мен тұратын Чикаго штатында 60-тан аса қазақ отбасы тұрады. Бөтен елде жүрсек те ауызбіршілігіміз мығым. Қазақстанның құнды мерекелерінде жиі бас қосып тұрамыз. Мысалы, Тәуелсіздік және наурыз мерекесін Америкаға келгелі тойлап келеміз. Жақында жерлестермен бас қосып, «Қазақ центр» атауымен орталық құрдық. Орталықтың мақсаты – АҚШ-тағы қазақтардың басын қосып, ұлттық сананы өшірмеу. Барлығы бір штатқа бірікпейтін болғандықтан филиалдарын көбейтуді қолға алдық. Мен Чикагодағы филиалына жауаптымын. Ерлі зайыпты отбасылар көп болғандықтан балалары Америкада дүниеге келіп, үлкен өмірге қадам басып жатыр. Олар Қазақстанды көрмегендіктен біз санасына ұлттық құндылықты сіңіруіміз керек. Орталықта қазақ тілі, Қазақстан тарихы, домбыра секілді үйірмелер бар. Биыл мемлекеттік Рәміздерге 30 жыл толуына орай орталықта патриоттық бағытта іс-шаралар өткізуді қолға алудамыз, – дейді Қуаныш Дәлиев .

Бразилиядағы жалғыз қазақ Марат Гарниповтың туған жерге деген сағынышы тым бөлек. Мұнда тұрып жатқанына он екі жылдай болса да, Гарипов әлі де Қазақстан азаматы. Бразилияда спорт азаматтығын алып, сол елдің намысын байрақты бәсекелерде қорғап жүр.

– Күрестен ел құрамасына ене алмағандықтан 2010 жылы өзге елге қоныс аудару ойыма келді. Қазақстан құрамасы атынан сынға түсу үшін күрделі іріктеуден өту керек. Ел чемпионы атану аздық етеді, өзге елдерде өтетін жарыстарда мықтылығыңды үнемі дәлелдеп жүруің керек. Күрес жақсы дамыған елдердің бәрінде осындай тәртіп. Ал Бразилияда біршама жеңілдеу. Ол жақта чемпионаттарда бозкілемде бес балуан белдессе, Қазақстанда елу адам қатысады. Айырмашылығын көріп отырсыз ғой. Сондықтан мұхит асып, Қазақстаннан алшақтау кеттім. Спорт патриотизмге жақсы тәрбиелейді. Әлі де Қазақстан десе ет жүрегім елжірейді. Бөлмемде қазақ туы төрде ілініп тұр. Туға құрмет ерекше. Бір қиыны мұнда емін-еркін қазақ тілінде сөйлей алмайтыным. Сондықтан елдегі туыстарым және ата-анаммен күн сайын амандық білісіп, хабарласып тұрамын. Бұрын скайп болатын, қазір WhatsApp, мессенджер арқылы сөйлесеміз. Біздің елмен тоғыз сағат айырмашылық бар. Мен ана жақта ұйқыға жатқан кезде Қазақстанда адамдар, керісінше, оянып жатады. Қалаған уақытымда Қазақстанға келе аламын. Спорттық мансабымды аяқтайтын кезге де жақындап қалдым, – дейді бразилиядағы қандасымыз.

Мәскеуде білім алып жүрген қызылордалық Нұрбол Елеместің Ресейде жүргеніне 6 жылға таяған. Нұрболдың айтуынша, Мәскеу Ресей астанасы болғанымен өздерін Қазақстанда жүргендей сезінеді екен. Елдегі жаңалықтар Ресейдегі жастардың назарын аудартатын көрінеді.

– Ресей Қазақ­станның іргесінде орналас­қандықтан өзімізді бөтен елде жүрміз деп ойламаймын. Мұнда қазақ бауырла­рымыз көп. Қазақ динас­тиясы да жақсы қалып­тасқан. 2016 жылдан бері Мәскеуде білім алудамын. Университетте қазақ жаста­рының одағы құрылып, ауқымды іс шаралар ұйым­дасты­рып, Қазақ­станға деген сағы­нышты басамыз. Өзге ел­дердегі қан­дас­тарға қара­ғанда бізде жылына бір мәрте ел­ге ба­рып қайтуға мүмкіндік болады. Шыны керек, өзге елде жүргеннен кейін жерлестерге деген құрметің ерекше болады. Қазақ­станнан келген спортшы­ларға, әншілерге, өзге сала өкілдеріне әрдайым қолдау білдіріп, көк туымызды арқалап, ареналар мен концерт залдарда ұйымшылдық көрсетеміз. Мұның өзін патриотизм деп қабылдасақ болады. Мәскеудегі әрбір қазақтың шаңырағында бір тудан бар. Біз тудың қадір-қасиетін өзге елге барғанда түсіндік, – деп түйіндеді сөзін.

Иә, өз жұртымыз өзге елде жүрсе де қазақи құндылығын жоғалтпай, елдіктің нышанына айналған көк туымыздың қасиетін жақсы түсінеді. Оны мұхит асып, елге сағынышын көк туы арқылы басып жүрген жандардың әңгімесінен аңғаруға болады. Бұл бәлкім рәміздерге деген құрмет болар. Біз кейде қолда бардың құнын түсінбейміз. Әйтпесе, Shiza секілді бетке ұстардың ұятты қылығы рәміздерге деген құрметтің төмендеп бара жатқанын байқатады. Бастысы, 30 жыл бұрын бекітілген басты құндылық төрден төмен түспесін!

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!