Фото: martebe.kz

NUR.KZ. 15 тамыз аты аңызға айналған сазгер, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Белгілі композитордың туған күніне орай «Ақ бантик» әні кімге арналғанын бүгінгі материалымыздан оқып біле аласыздар.

Композитор  «Ақ бантикті» сыйлас жолдасы Қаражан Әбіләзімов тойына тарту ретінде шығарған екен. Досы сол кезде обкомсомолда бірінші хатшы болып істеп жүргенде жасы үлкендеу болса да, Түркістан қаласында мектепті жаңа бітірген Фатима деген жас қызға үйленіпті. Фатима 11-сыныпты енді ғана бітір­ген ерке, мөлдір, ашаң жүзді ару екен. Мектеп бітіргеніне 12 күн ғана болған ба­лауса қыз ақ бантигін ақ орамалға айырбастап, үлкен өмірге қадам басады.

Түркістандағы қара шаңырақта өткен думанды тойға Шәмші мен Мұхтар құтты қонақ болады. Достарының балаң арумен бас қосып жатқанын естіген қос дарын Ш.Қалдаяқов пен М.Шаханов Фатима Төреханованың ақ бантигін ақ орамалға айырбастаған ерек шағын әнге сыйдырады:

«Балауса қыз едің бір кезде,

Шашыңа ақ бантик байлаған.

Өзгеріп кетіпсің бұл күнде,

Көркіңе көз тастап ойланам».

Фото: Фатима Төреханованың жеке мұрағатынан

Фатима Төреханова. Фото: Фатима Төреханованың жеке мұрағатынан Әнді жолдас­тарының үйле­ну тойына тарту етіп, тұң­ғыш рет қалың көпшілік алдында орындала­ды.

«Фатиманы мектепте оқып жүрген кезімізден танитынмын. Мен Кентаудағы Ы.Алтынсарин мектебінде, ал Фатима болса Түркістанның теміржол бойындағы мектепте оқыды. Бір-бірімізді 8-сыныптан бастап біле бастадық. Аталған екі мектеп оқушылары бір-бірімізге қонаққа келіп, өткізілетін түрлі пән байқауларына қатысып, бақ сынасатынбыз. Міне, осындай кездері ғой түркістандық Фатимамен етене танысып жүргенім.

Фатима өте жан-жақты, білгір, талапты, сонымен бірге өнерге де ерекше құштар болатын. Әсіресе әдебиет пәнінен алдына жан салмайтын. Әдемі ән айтып, би билейтін. Өнерімен қаланың атын шығарып, облыстық, республикалық өнер сайыстарына да қатысып, бірінші орындардан көрініп жүретін. Осындай кездерінде ғой Фатиманың Қаражанның көзіне түсіп жүргені. Тек көзге түсіп емес, кейіннен екеуі үйленіп, шаңырақ көтерді», – деп еске алады белгілі журналист Серікбай Тұржан.

Фатима Шәмшінің әндерін нақышына келтіре орындайтын. Композитордың әрбір әнін тебірене орындаған кезде тыңдаушылар қауымы өздерінің қалай тербеліп кеткенін де білмей қалатын. Фатима көрермендердің құрметіне осылай бөленді. Содан кейін ғой, Қаражанмен өзара сыйластығы мол Шәмші Фатимаға арнап «Ақ бантик» әнін шығарып жүргені», деп жазады автор.

Фати­ма апа­ның айтуынша, әу баста ән­нің сөзі өз­геше болып, кейін өзгертілген екен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!